Мен оған қолымды созып, оның қолын ұстап алып, жібермедім.
Фотоаппараттың жарқылындай анық есімде. Оны жақсы көргенім. Оны қажет еткенім.
КЕЛЕСІ КҮНІ ТАҢЕРТЕҢ ӘКЕМ екеуіміз жыландай иірілген өзен бойындағы әдемі үйге бардық. Квазулу-Натал. Мен бұл жер туралы білетінмін. 1879 жылдың жазында мұнда қызылшекпендер (британ әскері) мен Зулу жауынгерлері арасында қақтығыстар болды. Бүкіл әңгімелер мен аңыздарды естігенмін, сансыз рет «Зулу» фильмін көргенмін. «Ал енді нағыз білгір боласың», – деді әкем. Ол оттың алдындағы орындықтарға отырып, әлемге әйгілі тарихшы Дэвид Рэттрейдің шайқасты жандандырғанын тыңдауымызды ұйымдастырыпты.
Бұл мен шынымен назар аударған бірінші дәріс шығар.
Рэттрей мырзаның айтуынша, бұл жерде соғысқан адамдар батыр болған. Екі жақта да – батырлар. Зулулар қатыгез болды, олар «иклуа» деген атпен белгілі қысқа найзаның қас шеберлері еді. Найзаның атауы жарақаттанған адамның кеудесінен шығарылған кезде шығаратын дыбысы үшін берілген. Соған қарамастан, небәрі 150 британдық сарбаз төрт мың зулудың шабуылын тойтара алды және осы «Роркс-Дрифт шайқасы» бірден британдық мифологияға енді. Он бір сарбаз Виктория кресімен марапатталды, бұл бір полктің бір шайқаста алған ең көп марапаты болды. Зулуларға Роркс-Дрифттен бір күн бұрын тежеу болған тағы екі сарбаз Виктория кресін бақилық болғаннан кейін алған алғашқы солдаттар болды.
– Бақилық деді ме, әке?
– Ім-м, иә.
– Ол не деген сөз?
– Неткеннен кейін деген ғой.
– Неткен?
– Қайтыс болғаннан кейін, балақай.
Роркс-Дрифт көп британдықтың мақтанышы болғанымен, ол империализмнің, отаршылдықтың, ұлтшылдықтың, қысқасы, ұрлықтың нәтижесі еді. Ұлыбритания егеменді мемлекеттің аумағына басып кіріп, оны ұрламақ болды, демек, кейбіреулердің пікірінше, олардың ішінде Рэттрей мырза да бар, сол күні ержүрек британ жігіттерінің құнды қаны бекер төгілген. Рэттрей мұндай күрделі деректерге тоқталмады. Қажет жерде ол британдықтарды тура айыптайтын (жергілікті тұрғындар оны ақ Зулу деп атайтын.) Бірақ мен тым кішкентай едім: дәрістің кей жерін тыңдап, кей жерін шалыс естіп отырдым. Мүмкін, мен «Зулу» фильмін тым көп рет көрген шығармын немесе ойыншық қызылшекпендерімді жиі шайқасқа қатыстырып ойнаған шығармын. Менің шайқасқа, Ұлыбританияға қатысты жаңа деректерге жол бермейтін өзіндік көзқарасым болды. Сондықтан мен ерлік пен Британ күші туралы айтылған жерлеріне терең үңіліп, қорқуым керек жерде, керісінше, шабыттанып отырдым.
Үйге қайтып келе жатып, ішімнен сапардың тамаша болғанын ойладым. Таңғажайып шытырман оқиға ғана емес, әкеммен жақындата түскен тәжірибе. Әрине, енді өмір мүлдем басқаша болады.
МҰҒАЛІМДЕРІМНІҢ КӨПШІЛІГІ МЕЙІРІМДІ ЖАНДАР БОЛДЫ, мені жайыма қалдыратын, бастан өткізгенімнің бәріне түсіністікпен қарап, көп салмақ салғысы келмейтін. Капеллада