Ғасырлар өткен сайын Итонның миссиясы тақуалықтан алшақтады, бірақ оқу бағдарламасы қатаңдай түсті. Итон қазір өзін жай мектеп емес, Мектеп деп атауы бекер емес. Білетіндер біледі, Итон сыныптарында он сегіз премьер-министр, отыз жеті Виктория кресінің иегері тәрбиеленген. Ақылды балалар үшін жұмақ, ал оларға ұқсамайтын бір бала үшін тамұқтан басқасы болуы мүмкін емес.
Жағдай бірінші француз тілі сабағында-ақ анық болды. Мұғалімнің бүкіл сабақты жылдам, тоқтаусыз француз тілінде жүргізгенін естігенде абдырадым. Неге екені белгісіз, ол бәрімізді тілге жетік деп есептеді.
Мүмкін, басқалардың бәрі сондай шығар. Бірақ мен? Тілді жетік білу? Әлде қабылдау емтиханын өтетін баллға тапсырғаным үшін бе? Au contraire, mon ami!
Кейін мұғалімнің қасына барып, қателікпен басқа сыныпқа кіріп кеткенімді айттым. Ол менен сабыр сақтауымды сұрап, тез үйренісіп кететінімді айтты. Ол түсінген жоқ, маған сенім артып тұр. Сосын меңгерушіге барып, мені баяу сөйлейтін, баяу оқитындарға, exactement comme moi ұлдарға қосуын өтіндім.
Ол менің өтінішімді орындады. Бірақ бұл уақытша ғана шара болды.
Бір-екі рет мұғалімге немесе құрдастарыма қате сыныпта ғана емес, қате жерде жүргенімді айтқан едім. Шамамнан әлдеқайда жоғары жерге түстім. Бірақ бәрінің жауабы бір еді: «Уайымдама, бәрі жақсы болады. Не болса да, ағаң үнемі осында екенін ұмытпа!»
Оны ұмытқан мен жоқ. Оны танымайтындай кейіп танытуымды Уилли өтінді.
– Не дейсің?
– Сен мені танымайсың, Харольд. Ал мен сені танымаймын.
Соңғы екі жылда ол Итонның жаны жай табатын жер болғанын айтты: соңынан қалмайтын, сұрақтарымен миын ашытатын, оның жүрген ортасына қыстырылатын інісі жоқ. Ол өз өмірін өзі құрып жатыр еді және одан бас тартқысы келмеді.
Оның өтініші соншалықты жаңа емес еді. Уилли екеуімізді біреу-міреу үнемі бірге жүреді деп ойласа, ол Уиллидің ашуына тиетін. Анамның бізді бірдей киіндіргені оған ұнамайтын. (Анамның балалар киіміне деген талғамы ерекше болғаны жағдайды ушықтыратын: біз көбіне «Алиса ғажайыптар елінде» фильміндегі егіздерге ұқсап қалатынбыз.) Ал мен оған мән бермейтін едім. Мені өзімнің де, өзгенің де киімі аса қызықтырған емес. Тек килт кимесем болғаны: шұлыққа тыққан пышақты уайымдайсың, көтеніңнен кіретін жел маза бермейді – жоқ, рақмет. Бірақ Уиллиге менімен бірдей күртеше, шолақ шалбар кию – нағыз азап. Ал енді екеуіміздің бір мектепте оқығанымыз ол үшін өліммен тең болды.
Мен оған уайымдама дедім. «Сені танитынымды ұмытамын».
Бірақ Итон бұл тапсырманы жеңілдеткісі келмеді. Бізге жақсы болсын деп бір шатырдың астына орналастырды. Манор-Хаус.
Әйтеуір, бірінші қабатта болдым.
Уилли үлкен балалармен жоғары қабатта болды.
МАНОР-ХАУСТАҒЫ АЛПЫС баланың көбі Уилли сияқты маған қуана қоймады. Алайда олардың немқұрайдылығы мені олардың еркіндігі сияқты алаңдатпады.