Міне. Дәлел. Ол шынымен қайтыс болған екен.
Бірақ бірден сенім беретін күмән, өмірді құтқаратын белгісіздік ойға оралды: «Жоқ, бұл кез келген біреудің шашы болуы мүмкін». Ал анашым әдемі сары шашы түгел күйінде бір жерде тірі жүр.
«Болмаса, мен білер едім ғой. Денем сезер еді. Жүрегім сезер еді. Ал бұл екеуі де ештеңе сезген жоқ».
Екеуі де әркездегідей оған деген махаббатқа толы.
УИЛЛИ ЕКЕУІМІЗ КЕНСИНГТОН сарайындағы көпшілік арасында жымиып, амандасып көп серуендедік. Бейне бір президенттікке үміткер сияқтымыз. Жүздеген, одан да көп қол біздің бетімізді сипай берді, алақандары көбінесе дымқыл болды.
Мені қызықтырған ой: «Неліктен екен?»
«Көз жастары ғой».
Бұл қолдар маған мүлдем ұнамады. Нақтырақ айтқанда, олардың әсерінен менің бойымды кернеген сезімдер… Кінә.
Неге бұл адамдар жылап тұр? Ал менің көзіме жас келер емес, неге?
Менің жылағым-ақ келіп тұр, тырысып та көрдім. Себебі анамның өмірі қилы болғаны сонша, осындай қойылым арқылы өмірден озуды қажет деп тапты. Алайда көзіме бір тамшы жас та үйірілмеді. Отбасымның ұстанымын жете білгендіктен бе, терең сіңіргеннен бе, көз жасын төгу мүмкін емес болды.
Айнала толған гүл шоқтары болатын. Айтып жеткізуге ауыр қайғы-қасіретті бастан өткеріп жатқаныма қарамастан, үнемі сыпайы болғаным есімде. Тіптен қарт ханымдар: «Құдайым-ау, байғұс баланың ізеттілігін-ай», – деген еді. Есімде, келген адамдарға, көңіл айтушыларға, жанымызда қалған адамдарға бірнеше күн бойы шексіз алғыс білдірумен болдық. Жерге жатып, қамығып жатқан адамдарды жұбатқаным да бар. Анамды білген секілді. Қайғыларына ортақтасып тұрып, ішімнен: «Сендер оны білген жоқсыңдар,» – деп ойлап тұрдым. Білген кейіп танытасыңдар, бірақ сендер оны білмедіңдер…
Жоқ, білмейсіңдер… Осы шақ.
Көпшіліктің алдына шығып болып, Кенсингтон сарайына қайта оралдық. Анамның пәтеріне екі үлкен қара есіктен кіріп, ұзын дәлізден өтіп, сол жақтағы бөлмеге аяқ бастық. Онда үлкен табыт тұрды. Қанық қоңыр түсті, ағылшын еменінен жасалған. Бетіне Ұлыбританияның туы жабылғаны есіме түсіп тұр ма, әлде қиялым ба екен?
Сол ту мені толғандырып жіберді. Неге екені белгісіз. Мүмкін, балалық шақтағы соғыс ойындарынан шығар. Жастайымнан қалыптасқан отансүйгіштік сезімнен шығар. Болмаса сол күндері «ту, ту, ту» дегенді мың рет естігенімнен шығар. Бәрінің әңгімесі сол болды. Адамдар Букингем сарайындағы тудың жартылай түсірілмегеніне наразы болды. Олар тіптен Корольдік байрақтың тұғырдың жартысына дейін ешқашан түсірілмейтінін, әжем сарайда болғанда ілініп, жоқ кезде ілінбейтінін де елемейді. Олардың бар уайымы – ресми түрде аза тұтылғанын көру, ал оны көрмеген соң ашуға басып тұр. Яғни анамның жоғалуына тигізген әсерінен назарды бұрмақ болған британдық газеттер оларды ашулануға итермеледі. Әжеме арналған бір мақала есімде қалды. Тақырыбы «Сізге бәрібір емес екенін көрсетіңіз» болатын. Өздеріне «бәрібір емес» болғаны сонша, анамды қайтып шықпас түнелге айдап салғандары ойларына кіріп те шықпайды.
Бұл