Кенет Хьюз-Геймс мырза тоқтап, Чарльздың өмірі туралы сұрақ қойды. Оқыған адамға жауап қарапайым болды. Бірақ ешкім оқымаған.
– Уэльс… сіз оны білуіңіз керек.
– Неге мен?
– Өйткені бұл – сіздің отбасыңыз!
Барлығы қарқ ете күлді.
Мен басымды салбыратып отырдым. Қалған жігіттер, әрине, менің король отбасынан екенімді білетін. Егер олар оны ұмыта қалса, менің соңымнан қалмайтын қарулы оққағарым мен бар аумақта шашырап жүрген формалы полицейлер қуана-қуана естеріне салатын. Бірақ Хьюз-Геймс мырзаға бұл туралы жар сала айтудың керегі не еді? «Отбасы» деген ауыр сөзді қолдануы керек пе еді? Менің отбасым мені «нөл» деп жариялады. Қосалқы. Онысына мен шамданған жоқпын, бірақ оны саралауым да керек болмады. Менің ойымша, кейбір фактілер туралы ойланудың қажеті жоқ. Мысалы, корольдік сапарлардың басты ережесі: әкем мен Уильям ешқашан бір рейспен бірге ұшпауы керек, өйткені таққа бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер бір уақытта жойылып кетпеуі керек. Бірақ мен кіммен саяхаттасам да бәрібір еді; қосалқы мұрагерге қауіп жоқ. Мен бұны білетінмін, өз орнымды білетінмін, сол үшін кірісіп зерттеудің керегі не? Бұрынғы қосалқылардың тарихын не үшін білуім керек? Не мәні бар?
Оның үстіне, ата-тегімді неге үйренуім керек, егер шежіре бәрібір сынған бұтаққа – анама барып тірелсе?!
Сабақтан кейін мен Хьюз-Геймс мырзаның үстеліне барып, тоқтатуын өтіндім.
– Нені тоқтатайын, Уэльс?
– Мені ұятқа қалдыруды, сэр.
Оның қастары үріккен құстардың сұлбасындай шаштарына дейін жетті.
Мен қандай да бір баланы ерекше етіп көрсету, Ладгроувтың кез келген басқа шәкіртіне оның ата-бабасы туралы осындай бағытталған сұрақтар қою қатыгездік болатынын айттым.
Мистер Хьюз-Геймс бұртыңдады, пысылдады. Шектен шыққанын түсінді. Бірақ қыңыр еді.
– Қайта өзіңізге жақсы, Уэльс. Сізден неғұрлым көп сұрасам, соғұрлым көп нәрсені үйренесіз.
Алайда бірнеше күннен кейін сабақтың басында Хьюз-Геймс Ұлы Хартияның үлгісінде менен кешірім сұрағандай болды. Ол маған 1066 жылы таққа отырған Харольдтан бастап барлық британдық монархтардың есімдері жазылған ағаш сызғыштардың бірін берді. (Сызғыш, қалай, ә?) Әр сантиметр сайын корольдердің аттары, әжеме дейін. Ұстаз бұл партамда тұрса, қажет болған жағдайда оған жүгіне алатынымды айтты.
– О, Құдайым, рақмет!
ЖАРЫҚТАР СӨНГЕННЕН кейін түн ортасында кейбіреулеріміз сытылып бөлмеден шығып, дәліздерді кезетінбіз. Ереженің өрескел бұзылуы, бірақ мен жалғызсырадым, үйді сағындым, мүмкін, мазасыз немесе жабырқаулы болған шығармын, әйтеуір, жатақханада қамалғанымды қабылдай алмадым.
Бір мұғалім бар еді, мені ұстап алған сайын үнемі «Жаңа ағылшын Інжілі» кітабының көшірмесімен салып қалатын. Мұқабасы қаттысымен.