Қосалқы. Принц Гарри Герцог Сасесский. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Принц Гарри Герцог Сасесский
Издательство: Альпина Диджитал
Серия:
Жанр произведения:
Год издания: 2023
isbn: 9786018120114
Скачать книгу
басталар сәтте тоқтату секілді. Жастықпен төбелес басталар алдында есік алдына күзетші қойып қоятынбыз. Пэт (немесе директор) келе жатса, ол: «КВ! КВ!» – деп ұран салуы керек. Ұмытпасам, латынша қысқарту. Біреулер «Директор келе жатыр!» дегенді білдіреді десе, басқалар «Сақ бол!» деген сөз дейтін.

      Қайсысы болса да, ол сөзді естіген бойда ол жерден кету керек немесе ұйықтап жатқан кейіп таныту керек.

      Пэттен тек жаңадан келген немесе аңқау балалар көмек сұрайтын. Ең сорақысы – оған жаралы болып бару. Ол оны таңып берудің орнына саусағымен нұқып қалатын немесе одан бетер ауыртатын, бірдеңе себетін. Садист болғаннан емес, тек «эмпатиясы шектеулі жан» сияқты көрінетін. Қызық, ол қиындықтың не екенін біледі ғой. Өмірі мүлде оңай деуге келмейді.

      Бәрінен жаманы тізесі мен арқасы еді. Біреуі иілмейді, біреуі бүкірейіп қалған. Пэт үшін жай жүріс – азап, баспалдақтар тозақ болатын. Баспалдақтан түскенде асықпай, артқа қарай түсетін. Көбінесе біз төменіректе тұрып, қиқаңдап, қоқиланған түр көрсетіп, оны мазақтайтынбыз.

      Оны қайсымыз ерекше ынтамен істейтінін айтпасам да түсінікті шығар.

      Пэт бізді ұстап алады деп ешқашан бас қатырмайтынбыз. Ол тасбақа секілді баяу, ал біз бақа секілді шапшаң болдық. Бірақ анда-санда тасбақаның да жолы болатын. Ұмтылып, біреуді уысына түсіретін. А-ха! Ұсталған баланың біткен жері сол болатын.

      Бірақ біз оған қоя қоймаймыз. Баспалдақтан түскен сайын мұқататын едік. Нар тәуекел – ердің ісі. Менің көксегенім байғұс Пэтті азаптау емес, жолдастарымды күлдіру болатын. Басқалар күлсе, жаным рақат табатын, әсіресе өзім күлмегеніме бірнеше ай болғанда.

      Пэт оны сезген де болар. Ара-тұра бұрылып, менің нағыз есек болып тұрғанымды көріп, ол да күлетін. Ең тамаша сәт сол болатын. Достарымды күлдірген жақсы, бірақ бақытсыз Пэтті күлдіргенге ештеңе жетпейді.

9

      БІЗ ОЛ КҮНДЕРДІ «ОПЫРУ КҮНІ» ДЕУШІ ЕДІК.

      Ұмытпасам, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері болатын. Түскі астан кейін бәріміз дәлізде тізілеміз де, алдымызда тәттілерге лық толы үстелге мойын созып жалтақтайтынбыз. «Манчиз», «Скиттлз», «Марс» шоколады және ең кереметі – «Опал фрутс». («Опал фрутсты» кейін «Старберст» деп өзгерткенде қатты қапаландым. Барып тұрған күпірлік. Ұлыбританияның атын өзгерткендей.)

      Тәттіге толы үстелді көріп-ақ есіміз кететін. Сілекейіміз шұбырып, егіншілердің құрғақшылық кезінде жауынды күткеніндей, тәттінің ләззатын тағатсыздана күтіп ауыз жаппайтынбыз. Кезекте тұрып тәттінің рақатын қалай шыңдай түсетінімді жоспарлайтын едім. «Опал фрутс» кәмпиттерінің бәрін бір-біріне жабыстырып, үлкен кәмпитті аузыма тыға салушы едім. Ол аузымда еріп, қаным декстрозаның көпіршіген сарқырамасына айналатын да қалатын. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас».

      «Опыру күнінің» қарама-қарсысы хат жазу күні еді. Әр бала отырып, ата-анасына хат жазуы керек. Керемет күннің өзінде мен үшін бір азап еді. Әкем мен анамның ажыраспаған кездері онша есімде емес, сондықтан оларға хат жазарда өзара реніштерін, апай-топай ажырасуларын