Пролог
ЖАНАЗАДАН БІРЕР САҒАТ ӨТКЕН соң кездесеміз деп келіскен едік. Фрогмор бақшасында, ескі готикалық қирандылардың жанында. Мен бірінші келіппін.
Айналама қарап, ешкімді көрмедім.
Телефонымда хабарлама да, дауыс поштасы да тыныш.
Тас қабырғаға арқамды сүйеп жатып: «Кешігіп жатқан болар», – деп ойладым. Телефонымды қалтама салып, өзімді жұбатуға тырыстым.
Ауа райы нағыз сәуір күні болатын. Қыс өткенімен, көктем әлі келе қоймаған еді. Ағаштар жапырақсыз болғанымен, ауа жылы. Аспан сұрғылт, бірақ қызғалдақтар гүлдей бастаған кезең. Жарық аз, бірақ бақшаның арғы бетінде көз көрім жерде көк көл жалтырап жатыр.
«Бұның бәрі неткен әдемі», – деп ойладым. Сонымен қатар көңілімді мұң шалды.
Бір кездері бұл жер менің мәңгілік үйім болуы керек еді. Алайда ол жай ғана уақытша тұрағым болып шықты.
Жұбайым екеуіміз санамыз бен саулығымыздың амандығына алаңдап, 2020 жылдың қаңтарында бұл жерден қашқанымызда, енді ешқашан қайтып оралмастай болып едім. Міне, он бес айдан соң қайта осындамын. Бірнеше күн бұрын таңымды отыз екі қабылданбаған қоңыраумен, содан соң әжемнің «Хәрри… Атаң бақилық болды» деген қысқа әрі жүректі дүр сілкіндірген сөздерімен атырып едім.
Жел күшейіп, күн салқындай бастады. Иықтарымды жиырып, қолдарымды уқалап, жұп-жұқа ақ жейде кигеніме өкіндім. Жаназаға киген костюмді шешпеуім керек еді. Келерде күртеше алуым керек еді. Арқамды желге тосып жатып, артымда төніп тұрған готикалық қирандыны көрдім. Шындығында, оның готикалылығы «Лондон көзінен» аспайтын. Ақылды сәулетші мен жасандылық өнерінің туындысы. «Бұл жерде көп нәрсе сондай».
Тас қабырғадан кетіп, шағын ағаш орындыққа жайғастым. Телефонымды қайта тексердім, бақшадағы жолға қарайладым.
«Қайда бұлар?»
Жел тағы бір рет ұйытқыды. Қызық, атам есіме түсті. Оның суық мінезіне, аяздай шымшып алар әзіліне ұқсатқан шығармын. Бірер жыл бұрынғы демалыс күндері мылтық атуға барғанымыз ойға оралды. Әңгіме болсын деп, бірге барған досым атамнан жаңа өсірген сақалым туралы сұрады. Бұл сақал отбасыны алаңдатып, баспасөзде дау тудырған еді: «Патшайым ханзада Хәрриді сақалын қыруға мәжбүрлеуі керек пе?» Атам досыма, содан соң маған қарады да, қулана жымиды. «АНАУЫҢ сақал емес!»
Барлығы күлді. Сақал қалсын ба, кетсін бе деген сұрақ тұрғанда атамдікі тағы сақал қос деу болды. «Қанішер викингтің қалың қаба сақалын өсір!»
Атамның қайтпас пікірлері мен көптеген қызығушылықтарын еске алдым. Күйме айдағанды, барбекю пісіргенді, мылтық атқанды, тамақ жегенді, сыра ішкенді жақсы көретін. Өмірді құмарлықпен сүретін. Онысы анама ұқсайтын. Сондықтан да болар, анамның аянбас қолдаушысы болғаны. Ол Ханшайым Диана болмай тұрғанда, әлі қарапайым балабақша тәрбиешісі Диана Спенсер, ханзада Чарльздің құпия жүретін қызы кезінде-ақ атам оның ең басты қорғаушысы еді. Баз біреулер олардың некесіне делдал болған да атам деуші еді. Онысы рас болса, менің әлемімнің басты себебі Атам деуге болар еді. Бірақ ол үшін мен басты себеп бола алмас едім.
Ағам да болмас еді.
Десек те, бәлкім анамыз болар ма еді. Егер әкеме тұрмысқа шықпағанда…
Атам тоқсан жетіге толған соң көп ұзамай тек екеуіміз отырып сөйлескеніміз есімде. Ол арғы өмірді ойлап жүрген-ді. Өзі жақсы көретін істермен айналысуға шамасы қалмағанын айтты. Бірақ ең қатты аңсайтыны жұмыс екен. «Жұмыс істемесең, барлығы құриды», – деді. Мұңайып отырғанға ұқсамады, кетуге дайын болатын. «Кететін уақытың келгенін білу керек, Хәрри».
Фрогмор бойында тізілген сағаналар мен ескерткіштерге көз тастадым. Корольдік мазарат. Көбіміздің ақтық мекеніміз. Патшайым Виктория осында. Аты шулы Уоллис Симпсон да осында. Оның аты одан да шулы күйеуі Эдуард, бұрынғы Король, менің арғы көкем де осында. Эдуард Уоллис үшін өз тағынан бас тартып, екеуі Британиядан кеткен соң, түбі қайтып келу жөнінде алаңдаған көрінеді – екеуі де осы жерге келіп жерленуді қалапты. Патшайым, менің әжем, өтініштерін орындады. Бірақ екеуін басқалардан алшағырақ жерге, бүкірейген шынар ағашының астына жерлетті. Соңғы мәрте саусақ сілтегені шығар. Соңғы рет екеуін аластатқаны болар. Уоллис пен Эдуард соңғы қалауы туралы қазір не ойлайды екен? Түбі бір мәні болды ма? Ол туралы ойлап жатыр ма екен? О дүниеде рухтары қалықтап жүріп, жасаған таңдаулары жайлы бас қатырып жүр ме екен? Әлде мекендері Ешқайда, ойлары Ешнәрсе ме екен? Бұл өмірден кейін Ештеңе әлеміне өтеміз бе? Сана, уақыт ұғымдары толықтай тоқтай ма? Әлде олар әлі осында, мына жалған готикалық қирандының жанында жүр ме? Менің жанымда бүкіл ойларыма құлақ салып тұр ма екен? Егер солай болса… анам да осында шығар?
Анамды ойлауым сол еді, бойыма үміт ұялап, жаныма қуат бере бастады.
Қайғы да қанжарын сұғып қоя берді.
Анамды күнде сағынушы едім, бірақ сол күні Фрогмордағы жүйке жұқартар кездесудің қарсаңында, неге екені белгісіз, анамды қатты аңсадым. Анама қатысты көп нәрсе секілді, бұл сезімді де сөзбен айтып жеткізу қиын еді.
Анам ханшайым болса да, әйел-құдайдың аты қойылған болса да, бұл екі атау