МИСТЕР МАРСТОН асханада кезекші болған кезде кішкентай қоңырау алып жүретін. Қонақүйлердегі ресепшнда тұратын қоңырауға ұқсататынмын. Дың-ң. «Бос бөлме бар ма екен?» Бір топ баланың назарын өзіне аударғысы келсе, сол қоңырауды шалатын. Онысы үздіксіз шырылдайтын да жататын. Одан келіп жатқан нәтиже жоқ.
Қараусыз қалған балаларға қоңырау маңызды емес.
Көбіне Мистер Марстонның тамақ кезінде хабарландыру жасағысы келіп қалатыны бар еді. Ол сөйлей бастағанда басқалар тыңдамақ түгіл, дауыстарын да бәсеңдетпейтін, сондықтан да ол қоңырауын шылдырлата бастайтын.
Дың-ң.
Жүздеген баланың күбірі, күлкісі.
Қоңырау қаттырақ соғылады.
Дың-дың-дың!
Қоңырау тыныштық орната алмаған сайын Мистер Марстонның беті қанығырақ қызыл түске боялатын. «Жігіттер! ТЫҢДАЙСЫҢДАР МА, жоқ па?!»
Қысқа жауап – жоқ. Тыңдамаймыз. Бірақ оны сыйламағаннан емес, мәселе акустикада. Оны естімейтінбіз. Зал тым үлкен, ал біз әңгімемізге қатты беріліп кеткенбіз.
Ол оны түсінбейтін. Бізден күдіктенетін. Оның қоңырауын елемеуіміз бір үлкен, келісілген астыртын әрекеттің бір бөлігі сияқты. Басқаларды білмеймін, бірақ мен ешқандай астыртын әрекетке қатысқан жоқпын. Сосын мен оны елемейтіндердің қатарында емес едім. Керісінше: менің бар назарым сол кісіде еді. Сырттан келген адам осы көрініске куә болса, не айтар еді деп өз-өзімнен жиі сұрайтынмын: жүз бала тынымсыз әңгіме-дүкен құрып жатыр, ал олардың алдында есейген адам тұрып, кішкентай жез қоңырауды тоқтаусыз әрі еш нәтижесіз шырылдатып тұр.
Бұл жаппай бейберекетке осы көшенің бойындағы Бродмур психиатриялық ауруханасы да өз әсерін тигізетін. Мен Ладгроувқа келерден біраз уақыт бұрын Бродмурдың науқастарының бірі қашып кетіп, жақын маңдағы ауылда тұратын бір баланы өлтірген болатын. Осы себептен Бродмурда дабыл орнатылды. Анда-санда оның жұмысқа жарамдылығын тексеріп тұратын. Дыбысы Қиямет күні келгендей. Мистер Марстонның қоңырауы стероид қабылдап алғандай.
Бір күні бұл туралы әкеме айттым. Ол түсіністікпен басын изеді. Жақында қайырымдылық жұмысы аясында соған ұқсас бір жерге барған екен. Оның айтуынша, науқастар негізінен ақпейіл жандар болғанымен, біреуі ерекше көзге түсіпті. Өзін Уэльс ханзадасы деп санайтын жігіт.
Әкем оған саусағымен нұқып тұрып қатты сөгіпті:
– Бері қараңыз. Уэльс ханзадасы болуыңыз мүмкін емес! Уэльс ханзадасы менмін!
Науқас та оған саусағын шошайтыпты:
– Мүмкін емес! Уэльс ханзадасы менмін!
Әкем әңгіме айтқанды ұнататын, ал бұл оқиға – оның ең қызықты әңгімелерінің бірі. Әңгімелерін үнемі философиялық оймен аяқтайтын: Егер психиатрияның бұл пациенті ханзада екеніне кемі әкемдей сенімді болса, онда үлкен сұрақтар туындайды ғой. Сонда кімнің есі дұрыс? Кім өзінің психикалық ауру емес екеніне, толықтай адасып жүрмегеніне, достары мен жақындары алдап соқпағанына сенімді бола алады? «Менің шынымен