Қосалқы. Принц Гарри Герцог Сасесский. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Принц Гарри Герцог Сасесский
Издательство: Альпина Диджитал
Серия:
Жанр произведения:
Год издания: 2023
isbn: 9786018120114
Скачать книгу
анам жоқ болғандықтан, есеп әкемнің пайдасына қарай ойысты. Енді Басқа Әйелмен қалағанынша ашық, қалағанынша жиі кездесе алады. Бірақ оған кездесу жеткіліксіз болды. Мұның көпшілікке аян болғанын қалады. Бәрін «заңдастырғысы» келді. Оған жетудегі алғашқы қадам балаларды өз жағына тарту болды.

      Алдымен Уилли. Ол бұрын да сарайда Басқа Әйелге тап болған, бірақ бұл жолы ол ресми түрде Итоннан аса маңызды жеке кездесуге шақырылды. Кездесу орны Хайгроув болуы керек. Қателеспесем, шай үстінде сөйлескен. Бәрі жақсы өтіпті, мен кейін Уиллиден білдім. Ол егжей-тегжейлі айтпаса да, Камилла тырысып баққанын, онысын жоғары бағалағанын айтты. Бар айтқаны сол болды.

      Келесі кезекте – мен. Өзіме басу айттым: «Бұл екпе салдыру секілді – көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді».

      Камилланың өзім сияқты сабырлы (немесе зерігіп) отырғаны есімде. Бір-біріміздің пікірімізге аса жоғары мән бермедік. Ол менің анам емес, ал мен оған басты кедергі емес едім. Басқаша айтқанда, мен Мұрагер емес едім. Менімен бұл кездесу жай рәсімділік болды.

      Қызық, біз не туралы сөйлестік екен? Жылқылар туралы болса керек. Камилла оларды жақсы көретін, ал мен оларға міне алатынмын. Басқа қандай да бір тақырыпта сөйлескенімізді елестету қиын.

      Дәл шай ішер алдында ол маған қатыгез бола ма екен деп ойлағаным есімде. Ертегілердегі барлық зұлым өгей аналар сияқты бола ма екен деп. Бірақ ол ондай болмады. Уилли сияқты мен де бұл үшін шынайы риза болдым.

      Ақырында, Камилламен өткен осы маңызды саммиттер артта қалғанда, әкем қорытынды конференцияға шақырды.

      – Сонымен, балалар, не дейсіңдер?

      Біз ол бақытты болуы керек деп ойладық. Иә, Камилла ата-анамыздың некесінің бұзылуында шешуші рөл атқарды, иә, бұл – ол анамыздың жоғалуына да әсер етті деген сөз, бірақ біз оның да басқалар сияқты оқиғалар шырмауына түсіп қалғанын түсіндік. Біз оны кінәламадық және егер ол әкемді бақытты ете алса, оны қуана кешірер едік. Әкемнің де біз сияқты бақытсыз екені анық еді. Біз оның бос көзқарасын, себепсіз күрсінуін, жүзінен кетпейтін көңілсіздігін байқайтынбыз. Жүз пайыз сенімді бола алмайтынбыз, әрине, өйткені әкем сезімін тілге тиек етпейтін, бірақ жылдар бойы ашқан ұсақ-түйек сырларынан оның айнымас дерлік портретін құрастырып үлгерген едік.

      Мысалы, шамамен осы жылдары әкем бала кезінде «қудаланғанын» мойындады. Ата-әжем оны ер жетсін деп Гордонстаун мектеп-интернатына жіберіпті. Онда ол басқалардан қатты қорлық көріпті. Оның айтуынша, Гордонстаундағы қорлыққа ең көп душар болатындар шығармашыл, табиғатынан сезімтал, кітапсүйер адамдар, былайша айтқанда, әкем сияқтылар екен. Оның үздік қасиеттері – «мықтылар» үшін жемтік. Оның түнеріп күңкілдегені есімде: «Өліп кетуге шақ қалып едім». Қалай сау оралды екен? Басын салбыратып, сонша жылдан кейін әлі де бар ойыншық қонжығын құшағына қысып. Әкем қайда барса да, қонжығын тастамайды екен. Өзі аянышты зат еді: қолдары жыртылған, жіптері сөгілген, үсті жамау-жамау. Бұзақылар шаруасын бітірген соң әкем де