ЖЕКСЕНБІ ЕДІ. Сондықтан әдеттегіше шіркеуге бардық.
Крейти Кирк. Гранит қабырғалар, шотландтық қарағайдан жасалған үлкен шатыр, ондаған жыл бұрын Виктория сыйлаған витражды терезелер, осында ғибадат жасағаны үшін туындаған реніштерді жуып-шаю үшін шығар. Англия шіркеуінің басшысы бола тұрып, Шотландия шіркеуінде ғибадат жасағанына қатысты бірдеңе. Неге сонша шу шыққанын еш түсіне алмадым.
Сол күні шіркеуге кіріп бара жатқанымыздың фотоларын көрдім, бірақ олар ешқандай естелік оятпады. Министр бірдеңе деді ме? Жараның бетін тырнады ма? Оны тыңдадым ба, әлде орындықтың артына үңіліп отырып анашымды ойладым ба?
Балморалға қайтар жол көлікпен екі минуттық. Жолда тоқтайық деген ұсыныс жасалды. Таңнан бері адамдар жиналып жатты. Кейбірі заттар қалдырып жатыр: жұмсақ ойыншықтар, гүлдер, ашық хаттар. Оларға алғыс білдіру қажет.
Жолдың шетіне тоқтап, көліктен түстік. Түрлі түсті нүктелерден жасалған матрицадан басқа ештеңе көрмедім. Гүлдер. Тағы гүлдер. Жолдың арғы бетінен қалыпты ырғақпен сықырлаған дыбыстардан басқа ештеңе естімедім. БАҚ. Жұбанайын деп әкемнің қолына ұмтылдым да, өзімді іштей сөктім, өйткені бұл қимылымнан кейін фотоаппараттар сақырлап кетті.
Қалағандарын бердім. Эмоция. Драма. Жан азабы.
Объективтерін маған қадап, атып жатты, атып жатты.
БІРНЕШЕ САҒАТТАН КЕЙН ӘКЕМ ПАРИЖГЕ КЕТТІ. Жанында анамның әпкелері, Сара тәте мен Джейн тәте болды. Біреу апат туралы тағы ақпарат алу керек екенін айтты. Содан соң анамның денесін әкелу жағын реттеу керек болатын.
Денесі. Адамдар осы сөзді көп қолданды. Тамағымнан соққы алғандай тиетін. Неге олай алдайды?! Анашым өлген жоқ қой!
Мені кенет кернеген ой осы болды. Қамалда сенделіп, өз-өзіммен сөйлесуден басқа істейтін ештеңем болмаған соң, басында күмәнім пайда болды, ол артынан нық сенімділікке айналды. Бұның барлығы – жай ойын. Әрі бұл жолы ойнап жатқан айналамдағы адамдар емес, баспасөз құралдары емес, анашым болатын. «Өмірі азап еді. Оны қудалады, қорлады, ол туралы өтіріктер айтылды, оның өзіне өтіріктер айтылды. Сол үшін жалған апат ұйымдастырып, қашып кетті».
Осыны түсінгенімнен әрі демім тарылды, әрі жеңілдеп қалдым.
«Әрине! Бәрі жұртты алдау үшін, өмірін жаңадан бастау үшін! Дәл осы сәтте Парижде пәтер жалдап тұрып жатыр немесе Швейцариядағы Альпінің бір жерінде құпия түрде сатып алған ағаш үйінде жаңа терілген гүлдерді реттеп жатыр. Жақында, жақында Уилли екеуімізді жанына алдырады. Бәрі ап-анық қой! Неге бұрын түсінбедім екен? Анашым өлген жоқ! Ол жасырынып жатыр!»
Өзімді әлдеқайда жақсы сезіндім.
Содан соң көңілімді күмән торлай бастады.
«Тоқта! Анашым бізді бұлай қинамас еді. Айтып жеткізгісіз қайғы ғой бұл, ол ондайға өзі себеп болмақ түгіл, басқаға да жол бермес еді».
Сосын тағы жеңілдеу: «Амалы қалмаған ғой. Еркіндікке