Қосалқы. Принц Гарри Герцог Сасесский. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Принц Гарри Герцог Сасесский
Издательство: Альпина Диджитал
Серия:
Жанр произведения:
Год издания: 2023
isbn: 9786018120114
Скачать книгу
Чарльз Альберт Дэвид болатын.

      Бірақ дүниеге келген күнімнен бері мені Хәрри атап кеткен.

      Осы басты бөлменің ортасында үлкен баспалдақ бар. Өзі алып, ауқымды, бірақ сирек қолданылады. Әжем екінші қабаттағы жатын бөлмесіне баратын кезінде лифтпен көтерілгенді жөн көретін.

      Оның етегінен қалыспай жүретін коргилері де солай.

      Әжемнің лифтісінің жанында екі алқызыл салун есіктері арқылы ауыр темір қоршауы бар шағын баспалдақ бар. Онымен екінші қабатқа, патшайым Викторияның мүсіні тұрған жерге көтерілуге болады. Мүсіннің жанынан өткен сайын оған «Ұлы мәртебелім!» деп бас иіп кететінмін. Уилли де сөйтетін. Бұлай етуіміз керектігі бізге арнайы айтылғанмен, мен онсыз да бас иер едім. «Еуропаның әжесі» атанған патшайым маған аса тартымды тұлға еді. Оны әжемнің жақсы көргені үшін ғана емес, әкемнің маған оның күйеуінің атын қойғысы келгеннен де емес (оған анам жол бермеген). Викторияның өмірінде ұлы махаббат та, асқақ бақыт та болды, бірақ оның өмірі трагедияға толы еді. Оның әкесі Кент және Стратерн герцогы ханзада Эдуард қаныпезер болатын. Сарбаздардың қамшыланғанына қарап жыныстық қозуы көтерілген. Ал оның сүйікті жолдасы Альберт оның көз алдында қайтыс болды. Сондай-ақ оның ұзақ әрі жалғыздыққа толы билігі кезінде оған сегіз рет сегіз жерде жеті бөлек адам оқ атқан.

      Оқтың біреуі де нысанаға жетпеді. Викторияны ештеңе құлата алмады.

      Викторияның мүсінінен кейінгіні сипаттау қиынырақ. Есіктер бірдей, бөлмелер бір-біріне жалғанған. Адасып кету оңай. Есіктен шатассаң, қызметшісі киінуіне көмектесіп жатқан әкемнің үстінен түсуің мүмкін. Одан жаманы, басын еденге, аяғын аспанға көтеріп тұрған кезінде кіріп қалуың мүмкін. Әкемнің мойны мен беліндегі созылмалы ауыруды басудың жалғыз емі ретінде дәрігер осы жаттығуды жазып берген еді. Баяғы поло жарақаттары. Жаттығуын күнде орындайтын: үстінде тек ішкиім, өзі есікке сүйеулі немесе құдды бір акробат секілді белтемірге ілініп тұратын. Есіктің тұтқасына саусағың тиіп кетсе болды: «Жоқ! Жоқ! Ашпа есікті! Құдай үшін, ашпа!» — деген айқайды естисің.

      Балморал қамалының елу жатын бөлмесі бар. Олардың біреуін Уилли екеуімізге бөліп берген. Үлкендер оны балабақша дейтін. Уиллидің бөлігі үлкенірек, екі адамдық төсегі, жуынатын үлкен шұңғылшасы, есіктерінде айнасы бар шкаф, аулаға, субұрқаққа, қызыл бұғы бұзауының қола мүсініне қарайтын әдемі терезесі бар. Ал менің бөлігім әлдеқайда кіші, сән-салтанаты да азырақ. Неге олай екенін сұрамайтынмын. Маған бәрібір еді. Сұрауым керек те емес еді. Менен екі жас үлкен Уилли – Мұрагер, ал мен – Қосалқымын.

      Баспасөз құралдары бізді жай солай атағанымен, шын мәнінде, бәрі солай болатын. Бұл тіркесті әкем де, анам да, атам да, тіпті әжем де қолданатын. Мұрагер мен Қосалқы тағылған сын емес, бірақ аражікті дәл белгілейді. Мен көлеңкемін, қоштаушымын, Б жоспарымын. Уиллиге бірдеңе болған жағдайда деп мені дүниеге әкелген. Мені қолдау көрсету үшін, басқалардың назарын бұру үшін, керек болса, тіпті