Қалауыңызға қарай тау ваннасы Арктиканың мұздай суы немесе қазанда қайнаған ыстық су болуы мүмкін: бүкіл қамалдағы судың қызуын реттеуге болады. Маған теріңді қайнатарлық ыстық суға түскен ұнайтын. Әсіресе қамалдың саңылау терезелерінен қарап жатып. Бұл терезелерден кезінде садақшылар қамалды қорғап тұрған шығар деп ойлаймын. Жұлдызды аспанға немесе төмендегі қабырғалы бақшаға қарап жататынмын. Қамалдың сансыз бағбандарының арқасында снукер үстелінің беті сияқты теп-тегіс бақша көгалының үстінде қалықтап ұшып жүргенімді елестететінмін. Көгалдың әр сабағы өлшеніп орылғандай, мінсіз болатын. Уилли екеуіміз велосипед айдамақ түгіл, үстінде жаяу жүруге ұялатынбыз. Ұялсақ та, үнемі баса беретінбіз. Бір рет көгалдың үстінде немере қарындасымызбен қуаласпақ ойнадық. Біз квадроциклге отырдық, ол картинг машинасында. Қызыққа батып жатыр едік, ол шам қойылған бағанаға тура барып соғылды. Мың шақырым атыраптағы жалғыз бағанаға соғылғанын-ай! Бәріміз ішек-сілеміз қата күлдік, бірақ жақында ғана айналадағы ормандардың бірінде ағаш болып тұрған бағана қақ бөлінді де, қарындасымыздың үстіне құлады. Абырой болғанда, ауыр жарақат болған жоқ.
1997 жылдың 30 тамызы көгалға көп қарап жатпаған күнім еді. Уилли екеуіміз де тез жуындық та, пижамаларымызды киіп, теледидар алдына жайғаса кеттік. Қызметшілер келді. Қолдарында табақ, оның үстінде күміс күмбезбен жабылған тәрелкелер. Қызметшілер табақтарын ағаш тұғырларға қойды да, бізбен әдеттегідей әзілдесіп, ас дәмді болсын деп тілек білдірді.
Қызметші, сүйек фарфор дегендер өте ақсүйекшіл болып көрінуі мүмкін, расында, солай да шығар, бірақ әлгі күмбездердің астында балалардың тамағы: балық таяқшалары, бәліш, қуырылған тауық, асбұршақ болатын.
Кезінде әкемнің күтушісі болған, қазіргі біздің күтушіміз Мэйбл бізге қосылды. Бәріміз ауыз толтыра тамақтанып жатқанда, ваннасынан шығып, тәпішкесін сүйретіп өтіп бара жатқан әкемді байқадық. Тасып жүруге болатын CD ойнатқышы қолында. Оны «сымсызым» деп атайтын. Ваннаға түскен кезде онысымен «кітаптарын» тыңдап жатқанды ұнататын. Әкем сағат сияқты еді. Сондықтан оның өтіп бара жатқанын естіп, уақыт сегізге таяғанын түсіндік.
Жарты сағаттан соң үлкендердің төменгі қабатқа қарай кешкі «көшінің» дыбысы естіле бастады. Содан соң волынканың сарнаған дауысы шықты. Келесі екі сағат бойы үлкендер «Кешкі ас зынданында» қамалады. Ұзын үстелді айнала отыруға мәжбүр, ханзада Альберттің дизайнымен жасалған шырағданның күңгірт жарығында көздерін шүйіріп қарауға мәжбүр, даяшылар математикалық дәлдікпен (өлшеуіш рулеткалары қолдарында) қойып шыққан фарфор мен шыны ыдыстар алдында қақиып отыруға мәжбүр, бөдене жұмыртқасы мен сутіл балығын шұқып жеп