Екеуіміздің ортамызда қызарып кеткен беттерімізге қарап: «Жігіттер, жасым келген шағымда мені азапқа салмаңдаршы», – деді.
Дауысы қарлығып, әлсіз шықты. Шынымды айтсам, кәрі адамның дауысы.
Атамды ойладым.
Кенет ішімде бірдеңе қопарылып түскендей болды. Уиллиге қарадым. Бала кезден бері алғаш рет шынайы жүзіне қарадым. Барлық сипатына зер салдым: менімен сөйлескенде үнемі ашылмайтын сол бір түюлі қабағына; менікінен әлдеқайда ушығып кеткен қасқалығына; жасы ұлғайған сайын жоғалып бара жатқан анама ұқсас қырларына. Бір жағынан, менің айнам, екінші жағынан, маған қарама-қарсы. Менің сүйікті ағам әрі менің бітіспес жауым. Бұған қалай жеттік?
Қатты шаршағанымды сезіндім. Үйге қайтқым келді. «Үй» дегеннің өзі күрделі ұғым болып кеткенін байқадым. Бұрын да солай болған шығар. Бақшаға, оның арғы жағындағы қалаға, елге меңзедім де:
– Уилли, мынаның барлығы біздің үйіміз болуы керек еді. Өміріміздің соңына дейін осында тұрмақ едік қой, – дедім.
– Кеткен сенсің, Харольд.
– Иә, бірақ неге екенін білесің ғой.
– Білмеймін.
– Сен… білмейсің бе?
– Шынымен, білмеймін.
Тіксініп қалдым. Не естігеніме сене алар емеспін. Кім кінәлі немесе жағдай қалай болуы керек еді деп айтысқан бір жөн, бірақ туған жерімді, ол үшін соғысқа барып, басымды қатерге тіккен Отан – Анамды (неткен ауыр сөз) тастап кетуімнің себебін мүлде білмеймін деуі қалай? Әйелім екеуіміз баламызды алып, үйімізді, достарымызды, жиған-тергенімізді – барлығын тастап, тозақтан қашқандай кеткеніміздің себебін білмеймін дегені несі?! Шын айтып тұрсың ба?
Ағаштарға қарадым:
– Білмеймісің?
– Харольд… рас, білмеймін.
Әкеме бұрылдым. Оның көздерінде де «мен де білмеймін» деген сөз жазылып тұрды.
«Мәссаған. Мыналар шынымен білмейтін сияқты», – деп ойладым. Сену қиын, бірақ рас шығар.
Егер олар неге кеткенімді білмесе, менің өзімді де білмегені ғой.
Мүлде.
Расында да, мені ешқашан толық танып білмеген де шығар.
Шынына келсек, мен де танымаған шығармын.
Бұл ойдан денем түршіге бастады. Және өзімді жапа-жалғыз сезіндім. Бірақ ішімде от тұтанғандай да болды. «Айтуым керек. Қалай айтамын? Айта алмаймын. Көп уақыт керек. Оның үстіне қазір бұлар тыңдайтын жағдайда емес. Қазір емес. Бүгін емес».
Сондықтан…
Әке? Уилли?
Әлем?
Тыңдаңдар.
1-бөлім Қара жамылдырған түннен жарыққа