Адамдар анамның бейбітшілік үшін қанша еңбек еткенін ұмытып жатады. Жаһанды талай рет шарлағанын, мина қойылған далаларды кезгенін, ЖИТС науқастарын құшақтағанын, соғыстан кейін жетім қалғандарды жұбатқанын, әрдайым бір жерде біреуге тыныштық сыйлағысы келгенін… Білемін, одан бөлек, ол жанұясындағы жігіттердің, ағам екеуіміз бен әкеміздің арамызда және жалпы отбасында тыныштық болғанын бар жан-тәнімен қалар еді… Жоқ, қалады.
Айлар бойы Виндзорлар қақтығысып келді. Отбасында келіспеушіліктер бұрын да болған, тіпті ғасырлар бойы болып жатты. Алайда бұл жолғысы өзгеше. Бұл толыққанды жария айырылыс еді және қайта оралмастай бола бастап еді. Сондықтан елге атамның жаназасы үшін арнайы ұшып келгеніммен, ағам Уиллимен және әкеммен жағдайды талқылау үшін осы құпия кездесуге мені шақырды.
Бір шешімін табу үшін.
Бірақ қазір телефоныма бір, бақшаның жолына бір қарадым да: «Ойларынан айныған шығар, – деген ойға келдім. – Келмейтін шығар».
Бір сәтке барлығын тастап, бақшаны жалғыз аралайын ба, әлде аталас ағайыным ішімдік ішіп, атам жайлы әңгіме айтып отырған үйге қайтайын ба деп ойладым.
Сөйтіп тұрғанымда, оларды да көрдім-ау ақыры. Иық тіресіп маған қарай адымдап келе жатты. Түстері суық, тіпті қорқынышты. Оған қоса, екеуінің ойы бір секілді. Салым суға кетті. Әдетте олар бірдеңеге келіспей қалып, айтысып жүретін. Ал қазір екеуі де сап түзеген сарбаздай бірігіп келе жатқандай.
Ойыма келгені: «Тоқта, біз серуендеуге келдік пе… әлде атысуға ма?»
Ағаш орындықтан көтерілдім де, оларға қарай бір адым жасадым. Ақырын ғана жымидым. Олар қабағын ашқан жоқ. Енді жүрегім кеудемнен шығып кетердей дүрсілдей бастады. «Терең тыныс ал», – дедім өзіме.
Үрейден бөлек, айналамның бәріне назар аудара бастадым, өмірімдегі маңызды сәттердегідей өзімді аса әлсіз сезіндім.
Анамның табытының артында келе жатқанымдағыдай.
Алғаш рет соғысқа қатысқанымдай.
Үреймен арпалысып тұрып халыққа сөз сөйлегенімдей.
Дәл сол сәттердегідей қолымнан келер-келмесін білмей, бірақ шегінерге жол жоқ екенін толық түсініп, сапарға шығып жатқандаймын. Тағдырға тосқауыл бола алмаймын.
«Ал, анашым, басталды, – деп ойладым қадамымды жылдамдата. – Сәттілік тілеп қой».
Жолдың ортасында жүздестік.
– Уилли? Әке? Сәлем!
– Сәлемет пе, Харольд?
Жанға бататын салқын сәлем.
Бұрылып бір қатарға тұрдық та, шырмауық қаптаған шағын тас көпірдің үстіндегі шиыршық тас жолмен жүре бастадық.
Бір уақытта тізіле қалғанымыз, сөз алмаспай-ақ адымдап қадам басқанымыз, бастарымыздың төмен түскені, оның үстіне айнала қабірлердің қаптап тұрғаны анамның жаназасын еске түсірмей қоймады. Ол туралы ойламауға тырыстым, оның орнына аяқ астындағы тастың сықырын, сөздерімізді оттың түтіні секілді жел ұшырып әкетіп жатқанын