Қазақтардағы көшпенді тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің – тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен және киіз басумен көбіне әйелдер айналысты, олар, негізінен алғанда, үйге керек-жарақтардың тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар және т.б. дайындады.
Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне алып келді. Дәстүрлі үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын әр түрлі сандықтар пайда болды.
Қазақтардың ұлттық киімінде этнографиялық белгілері сақталып қалғанымен, олардың да пішіні мен түрлеріне өзгерістер енді. Ер адамдар бітеу пішілген, кеудесінде тік өңір қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Ер адамдардың көп таралған сыртқы киімінің түрі шапан болды. Ол, көбінесе, фабрикалық маталардан тігілді. Ауқатты қазақтар түрлі-түсті бұқара жібегінен, барқыттан қымбат матамен әдіптеп тігілген шапан киді. Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Олардың қос шабуынан өрнек салынды. Шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүннің тоқымасынан тігілді. Қазақстанның барлық облыстарында қазақтардың кеңінен қолданылған қысқы сырт киімінің ежелгі түрлерінің бірі – күпі көктемде қырқылған түйе немесе қой жүнінен дайындалды. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлісі аң және үй жануарларының терісінен тігілген ішіктер болды. Қазақтардың көбінің қолы жететін және кең таралған қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Ер азаматтар арасында кең тараған сырт киім түрінің бірі жарғақ деп аталады. Жарғақтың бірнеше түрі болған, олар «тақыр жарғақ», «құлын жарғақ», «тайжақы» үлгілерінде тігілген. Жарғақтардың бұл түрлері қыс мезгілінде жылы киім сыртынан оңай киілуі үшін кең етіп тігілген. Енді аяқ киім түрлеріне келсек, қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Қазақтардың жазда киетін өкшесі биік, тұмсығы қайқы етіктері