ХІХ ғасырдың ортасына дейін Қазақ даласында байырғы халықтың балаларын оқытуға арналған еуропалық үлгідегі мектептер жоқтың қасы еді.
Ал мұндай бастауыш мектеп 1841 жылы тек Бөкей ордасында ғана ашылды. Отаршылдық аппараттың төменгі органдарына хатшылар мен тілмаштар даярлау үшін 1850 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының жанынан қазақ балаларын оқытуға арналған жеті жылдық арнаулы мектеп ашылды.
ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстанда бастауыш мектептердің ашылуы Ы. Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты болды. 1867-1868 жылдардағы реформалардан кейін мұндай мектептер Қазақ өлкесінің көптеген аймағында жұмыс істей бастады. 1868-1869 жылдарда Орал облысында 24 орыс-қазақ мектебі, олардың қатарында 2 екі сыныптық, 6 селолық бір сыныптық, 14 жоғары сыныптық мектеп және 2 жекеше училище болды. 1887 жылға қарай Орал казак әскерінің 47 мектебінің бесеуі қыздар мектебі еді. Оралда 2250 оқушы оқыды, бұл сол өңірдегі мектеп жасындағы қазақ балаларының 2 пайызынан сәл ғана асатын еді. 1894 жылы Орал қаласында ер балалардың әскери гимназиясы, діни училище ашылды. Бұған қоса облыс бойынша 37 шіркеу мектебі, 77 станциялық, поселкелік шағын мектеп, сондай-ақ 10 болыстық орыс-қазақ мектебі болған еді. Бұл мектептерде барлығы 2984 оқушы оқыды.
Патша үкіметі қазақ арасында татар мәдениетінің таралып кетуінен қорықты. Себебі ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанда татар тілінде басылған әдебиеттер кең таралып, медреселерде осы тілде жазылған оқулықтар көптеп оқытыла бастаған еді. Сондықтан Орта Азия мен Қазақстанға жіберілген миссионерлерге жергілікті халықты татар ықпалынан арылтуды міндеттеген болатын. Олар орыс-қазақ мектептері арқылы мұсылмандар арасында христиан дінін уағыздауды қолға алып, оқу бағдарламасына арнайы дін сабағын енгізе отырып, жас балалардың психологиясына әсер етуге тырысты.
ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстан территориясында мұсылман мектептері мен медреселері ашыла бастады. 1870 жылғы 16 наурыздағы ережеге сәйкес мұсылман оқу орындарына қатаң бақылау орнатылып, Н.И. Ильминскийдің жүйесі енгізілді. Бұл ереже бойынша мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндетті болып, мектеп пен медреселерді ашуға орыс тілді мұғалімдер болған жағдайда ғана рұқсат берілді. Ашылған оқу орындарында балаларын оқытқысы келгендер оқу бөлімінен арнайы рұқсат куәліктерін алуға тиісті еді.
Патша үкіметі шет аймақтарды саяси-экономикалық түрде отарлауды «идеологиялық түрде игеру» жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асыру қажет деп шешті. Ол үшін Ильминскийдің оқу-білім жүйесі дін арқылы бірте-бірте орыстандыру саясатын қолдануға болатындығын түсінді. Сонымен қатар бір жағынан, мұсылман халықтарына христиан дінін қабылдатуда мұсылман мектептерін