– Жоқ, саған жай естілген болар, – деді ол, бірақ артынша екінші рет берілген дабыл олардың құлағына анық естілді
– Естідің бе? – деді біріншісі жолдасына жалт қарай.
– Иә… мынау дабыл, кәне дауылпазды қақ, мен қолбасшыға хабар берейін, – деп ол айқайлады.
Олардың бірі қоршаудың үстімен жүргіріп, дауылпазға беттеді, ал екіншісі әскери қоныстың қолбасшысы Даттың шатырына бет алды. Сарбаз дауылпазды соққанда, оның күркіреген үні қалада жаңғырды.
Ерұлан сыртқа шығып жан-жағына жылдам қарап көмекшіні іздеді, оның ойында дәрігердің көмекшісін тоқтату. Ол сыртқа шыға салысымен, аспанды жапқан көк түсті түтінді көрді, ал артынша көмекшінің берген дабылын естіді, сол сәтте Ерұланға қарай бірнеше сарбаз жүгіріп келе жатты.
– Қарғыс атқыр! – деді ол, сосын сарбаздарға қарап: – Сарайдың барлық қақпаларын жабыңдар, барлық сарбаздарды жинаңдар және маған Батыраны тауып келіңдер… – деп ол кідіре, – күйме дайындаңдар, ең жылдам шабатын жылқыларды жегіңдер, – дегені сол еді, оның құлақтарына әкери қоңыраулардың дыбысы жетті. Ерұланның ойына бірінші кезекте соңғы бірнеше ай бойы оған маза бермей жүрген түсі келді, құдды оның түсінде көргені өңінде қайталанып жатқандай, бойын үрей басып, не істерін білмей кішкене орнында тұрды.
Сосын есін жия кітапханасына жүгірді, кітапханасына асыға кірді, алайда қорап орнында жоқ болды, оның орнында Ерұланның киімі ғана жатты. Ерұлан мұны көріп, санасында сан қилы ойлар туындады. Ол үстелге ақырын жақындап, киімін алған кезде, үстел үстінде оған беймәлім кітап жатты, Ерұлан басында ештеңені түсінген жоқ, ол кітапқа қарап тұрды, Ерұлан қорапты біреу алып кетті деген ойға келді, бірақ кітапты қолына алғанан кейін – бәрін түсінді… Қоңыр түсті кітаптың сыртында алты түрлі, ол бұрын-соңды көрмеген жануардың таңбасы екі қатарда бейнеленді, ал Ерұланда ондай кітап болған емес. Кітап бетіндегі ең соңғы таңба жаңа ғана дүниеге келген баласының арқасындағы таңбадан еш айырмашылығы жоқ.
– Бұл нені білдіреді? Қораптың ішінде, кітап болғаны ма? – деп, кітаптың ішін ашып еді, оның ішінде ешқандай жазу, ештеңе болған жоқ, Ерұлан кітапты бірнеше рет парақтап қарап шықты – ештеңе таппады, ол кітаптың бос екенін түсінді, – қарғыс атқыр! – деп ол кітап пен бас сүйекті қоржындарға салып, онымен қоса көптеген қағаздар мен Бабадүрдің кітабын қолтығына қыстыра, сыртқа алып шықты.
Сыртта оны сарбаз алып келген күйме күтті, баспалдақпен жылдам түсіп, сарбазға:
– Есікті аш! – деп айқайлады. Есік ашылысымен ішіне қолындағыларын лақтырып, ол жылдам Сұлу жатқан бөлмеге қайта оралды, бөлмеге кірген кезде, Сұлу баласын қолына алып, оның жүзіне күлімсіреп қарап отырды. Сұлу бірден назарын Еұланға аударып:
– Мұнда не болып жатыр? – деді. Ерұлан есі ауысқан адам сияқты бөлме ішінде ары-бері жүріп, көзіне түскен матамен ес-түссіз жатқан дәрігерді қолдарын арқасына байлады. Сұлудың жанындағы семсерін қолына алып, қайта қынабына салды да:
– Жылдам жинал, біз қаладан қашамыз.
– Не?