– Мүмкін оларға алтын беріп көрерміз.
– Жоқ, олардың оған келісетініне күмәнім бар.
– Неге?
– Сен олардың бірімен сөйлесіп көргенсің бе? – деді Ерұлан Батыраға көздерін сығырайта.
– Жоқ, не болды?
– Сөйлессең байқайтын едің, олардың құдды саналарын улағандай, қалай түсіндірсем екен… – деп Ерұлан кішкене кідірді де, – олар тірі қуыршақ сияқты біртүрлі, бүгін таңертеңгісін мен сарайға келгенде, дәрігерлердің сөйлесіп отырғандығын байқадым, біздің тілде емес, басқа бейтаныс тілде, сол себепті олардың әнгімесін сыртынан тыңдап ештеңе біле алмадым, ал егер олардан балалар жайлы сұрайтын болсақ, онда бізді не күтіп тұрғанын айта алмаймын, бірақ ақыры жаманшылықпен аяқталатынын сезіп тұрмын. Енді сен Датпен жақын араласуың керек, сен оның сеніміне кіріп, одан барлығын біліп алуыңа болады.
– Білесің ғой менің онымен дұрыс араласпайтынымды.
– Енді араласуыңа тура келеді.
– Сен білмейтін шығарсың, бірақ Дат ешкімге сенбейді, оның сеніміне кіру өте қиын, оған көп уақыт кетеді және мен оның біреумен етене араласқанын көрген емеспін, – деді Батыра қастарын көтере.
– Амалын табуымыз қажет, онда біз оның жұмыс орнын ақтарып көрсек, бірдеңе тауып қалармыз.
– Енді бұл ойыңмен келісемін, бірақ бұл өте қауіпті, – деді Батыра. Екеуінің арасында тыныштық орнады, сосын Батыра:
– Маған бір ой келген сияқты, – деді ол Ерұланға.
– Иә, айта бер.
– Бірақ оған сенің жасап шығарған қаруың қажет.
– Оның мұнда қатысы қанша?
– Мені тыңда, біз Датқа жаңадан қару ойлап таптық деп, оған сенің қаруыңды көрсетеміз, яғни қаладан алып шығып, оған көрсетілім ұйымдастырамыз, ол қалада жоқ болған кезде менің адамым оның шатырын тексеріп, басқа қолбасшылардан келген жазбаларды көшіріп алады, ал Дат қайта оралған кезде, оның қағаздары орнында, ештеңе жоғалмаған; ешқандай күдік болмайды, – деді Батыра жымия.
– Иә, тырысып көруге болады, бірақ бұл керемет ой деп айта алмаймын.
– Тырысып көру қажет, – деп ол Ерұланға басын изей сөйледі, – онда мен барайын, маған кету керек, менің негізі мұнда болмауым тиіс, – деп Батыра сыбырлай сөйледі.
– Неге? – деді Ерұлан.
– Оны саған кейін айтам, – деп орнынан тұрып еді.
– Батыра! – деп Ерұлан оны тоқтатты.
– Иә.
– Мен саған тағы бір дүние айтуым керек, – деді. Ерұланның жүзі жабырқаулы көрінді.
– Тыңдап тұрмын, – деп ол орындыққа қайта жайғасты.
– Мен Бабадүрдің кітабынан бір дүние таптым: ол адамдар мен жануарлар, жалпы осы әлемдегі тіршілік иелерінің