Ерұланның сарбаздардың көбі оның сөзінен кейін ойланбай, қаруларын тастап, сарайдан асыға шығып кетті, тек жиырмаға жуығы ғана қалды. Ерұлан оларға:
– Жылдам атқа қонып, бар керектерді алыңдар, өз шешімдеріңе өкінбейді деген ойдамын, – деді ол.
– Жоқ, мен мұнда не болып жатқанын толық түсінген жоқпын, бірақ билеушілердің барлық қалаларға сарбаз жіберіп, ондағы тұрақты сарбаздарды тергеуі, мұнда шынында бір шикіліктің бар екенін білдіреді және сіздің айтқан сөзіңіз жалған емес екеніне менің шүбәм жоқ, біз соңына дейін сіздің жағыңыздамыз, бәрібір Дат бізді жайымызға қалдырмайды, ол қолындағы билігін пайдаланып, барынша бізді жазаға тартқысы келеді, – деді сарбаз.
– Сонымен, жоспар қалай? – деді Батыра.
– Барлығын айтып отыратын уақыт жоқ, сен адамдардың жартысын бастап, оңтүстік қақпаға жетпей, ең бірінші көпірден өте сонда жайғастыр, Сұлуды да өзіңмен бірге ала кет, ал мен осында қалып, оларды ұстаймын. Саны жағынан көп болғандықтан, олармен ашық алаңда шайқасудың мәні жоқ, орталық қақпаның аймағы ашық болғандықтан, оларды қалада тастап кету қажет, мен белгі берген кезде сен менің келе жатқанымды білесің, сол кезде дайын бол, ал енді сәттілік, сарбаздар мен күймені бастап тездетіп кет, – деп ол Батыраға мұқият қарады. – Айтпақшы, ең маңызды дүниені айтамын деп ұмытып кетіппін, әлгілер мен біздің киген сауыттарымыз бірдей болғандықтан, біз қолымызға ақ мата байлап аламыз, егер мата жоқ болса, онда олар біз емес – осыны есіңнен шығарма. Батыра оның қолдарының дірілдеп тұрғанын көрді.
– Сен маған қандай белгі бересің? Және орталық қақпадан қалай шығамыз, әрине, егер онда аман-сау жетсек, – деп әзілдей сөйледі.
– Менің белгім сенің құлағыңнан мүлт кетеді деп ойламаймын, егер сен сол сәтке дейін саңырау болып қалмасаң, – деді Ерұлан жымия, – ал қақпаға келер болсақ, бір амалын табармыз, онда қаладағыдай сарбаздар көп емес, енді жылдам кет! – деді.
– Әміріңізге құлдық, – деді де, Батыра сарбаздардың жартысын бастап күймемен бірге сарайдан шыға қаланың оңтүстік қақпасына беттеді.
– Қақпаны жабыңдар! – деп Ерұлан артынша айқайлады. – Кәне жігітте, аттарыңа қоныңдар! Қазір біз оларға сыйлық жасаймыз, сосын іш көйлектеріңнен кішкене жыртып, көрінетіндей етіп қолдарыңа байлаңдар, – деп әмір етті.
Оларға шапқан жылқылардың дыбысы барған сайын қаттырақ естіліп, жер дірілдей бастады, әлгі дыбыстан сарайдағылардың бойын қорқыныш биледі.
– Үлгеретін шығармыз деп ойлаймын, – деді Ерұлан дыбыс шыққан жаққа бас бұра, – екеуің соңымнан еріңдер! – деп жанында тұрған сарбаздарға бұйрық берді. Ол шеберханасына қарай беттей, ішіне кіре, тікелей зеңбірекке барып, бетін жапқан матаны жұлып алды да, оған кішкене қарап тұра Ерұлан сарбаздарға:
– Мынаны сарайдың алдына алып барыңдар! – деп бұйрық беріп, өзі оқтық пен зеңбірек оқтарын арбаға салып, сарбаздардың соңынан