– Ал мына бойтұмар, ол жайлы білесіңдер ме? – деді бойтұмарды сұқ саусағымен көрсете, бойтұмар көк түсті домалақ тастан жасалған, ал оның бетінде алтын түспен қанатсыз айдаһарға ұқсас жануар бейнеленді.
– Жоқ, оның не екенінен хабарымыз жоқ, – деді Жақып.
– Сендер осының барлығын мұнараның бір бөлігінен ғана таптыңдар ма?
– Иә, ары қарай өтетін жол болған жоқ, қирандылармен бітелген, – деді Нұрлан. Ерұлан кішкене ойлана, екеуіне қарады:
– Егер сен бізге мұнараның жабық бөлігінің арғы жағында не бар екенін біліп беруді сұрамақ болсаң, онда біз бас тартамыз, әлгі қарғыс атқан жерге қайта оралғымыз жоқ, енді тек тыныш өмір сүргіміз келеді, – деді Нұрлан.
– Жоқ, менің ойымша, сендердің мына әкелген дүниелеріңнің өзі жеткілікті, ары қарай не істеймін десеңдер де өз еріктерің, бірақ бұл жайлы ешкімге айтпауларыңды сұраймын.
– Әрине, бұл жайлы айтып басымызға бәле таба алмай жүр дейсің бе? – деп олар әзілдей сөйледі. Сосын орындарынан тұрып:
– Онда біз жүрейік, саған бар білгеніміз бен көргенімізді айттық, енді қалғаны өзіңнің қолыңда, абай бол, саған тек сәттілік тілейміз…
– Бірнеше күн осында болсаңдар қайтеді? Мен тек қуанатын едім, сендерді мына күйде жібергім жоқ, – деді Ерұлан.
– Сенің бұл қонақжайлылығыңа алғысымыз шексіз, бірақ біз кетуіміз керек, – деді Жақып .
– Сендерді райларыңнан қайтара алмайтын сияқтымын, ең болмағанда мен беретін сыйлықты қабыл алыңдар, – деп оларға Ерұлан бір қапшық алтын берді.
Ерұлан оларды қақпаға дейін шығарып салып, құшақтаса қоштасты:
– Сендердің мына істегендерің, менің өмірімде болған ең керемет жаңалық, сендерге қалай рахметімді айтарымды білмей тұрғаным, – деді де, – абай болыңдар, тағы да кездесеміз деген үміттемін, – деп сарбаздарына оларды шығарып салуын бұйырды. Олардың артынан қарап кішкене тұра, Ерұлан кітапханасына жол тартты.
ЕКІНШІ БӨЛІМ. АЛТЫ ТАҢБА КІТАБЫ
Осыдан кейін Ерұлан уақытының басым көпшілігін кітапханасында, қорап пен бас сүйекті зерттеумен өткізіп, бастың суретін салып, салмағы мен ұзындығын – бәрі-бәрін өлшеп, өзінің күнделігіне жазды. Бас сүйектің құрылысының адамдікінен ерекшеліктерін қағазға түсірді. Ерұлан бас сүйек туралы басқа кітаптарда жазылған деген үмітпен көптеген кітаптарды ақтарып шықты, алайда бас сүйекке қатысты ештеңе тапқан жоқ.
Арада төрт күн өтті, осы уақыттың бәрінде Ерұланға қорқынышты түс әрбір ұйықтаған сайын кірді, ол бұл түстің кездейсоқтық емес екеніне, бір күні оның өңінде қайталанатынына көзі жетті, тіпті Ерұлан қылышпен жүретін болды.
Бірде кешкі уақытта Ерұлан әдеттегідей кітапханасында отырды, ол қорап сыртындағы руналарды қай жерде көргенін іздеп, өзіне белгілі кітаптарды ақтарды,