– Мыналардың барлығы сол мұнараның ішінен табылған заттар, – деп Ерұлан болған жайттың барлығын бүге-шүгесіне дейін Батыраға айтып берді.
– Мардалармен соғысқа түскен дейсің бе? Бірақ не үшін?
– Үстемділердің ұзақ ғұмырының сырын жасыру үшін, – деді Ерұлан еш кідірмей, – бірақ бұл – менің ойым, онда әлі біз білмейтін дүниелердің болуы ғажап емес, – деді ол. Батыра Ерұланға, сосын қорап пен бас сүйекке кезектей көз тастады. Көпке созылмаған үнсіздіктен кейін:
– Сен маған не айтайын деп едің? – деді Ерұлан үнсіз отырған Батыраға.
– Сенің дұрыс айтқаныңды айтайын деп келдім, – деді ол.
– Қалай?
– Сен маған айтып едің ғой дәрігерлер аурудың алдын алу үшін емес, олар ерекше сәбиді іздеп жүр деп.
– Иә.
– Сенің айтқаның дұрыс болды, олар мұнда ешқандай да аурудың алдын алу үшін емес, ерекше балаларды табу үшін келген. Хан оларды сол үшін жіберген, ал ауру ол жай ғана желеу, ауруды да олар өздері таратқан, – деді Батыра.
– Өздері таратқан! – деп Ерұлан таңырқады, – сен оны қайдан білдің?
– Байқадың ба, төрт күн бұрын біздің қалаға сарбаздар келді?
– Иә, бірақ неге?
– Бұл жолы олар мұнда қаланың тұрақты сарбаздарын тергеу үшін келді.
– Тергеу үшін? – деп Ерұлан тағы да қайталады, – не себепті?
– Енді мені бөле бермей тыңда. Себебі төрт күн бұрын Қамшат қаласындағы сарбаздар арасында қақтығыс болған, иә адам сенгісіз мың жылдам астам бейбітшілік орнаған хандықтың жауынгерлері бір-біріне қарсы қылыштарын кезейді дегенге сену қиын – сол себепті бізге жақын, басқа қалалардың қолбасшылары бірігіп құрылтай өткізді, онда тек қаланың бас қолбасшылары ғана қатысты, менің жолым болып, олардың әнгімелерінің біразын тыңдадым. Қамшаттағы сарбаздардың бір-бірімен соғысуының себебі – бала үшін, олар бала үшін соғысқан.
Қақтығыс болған күні, қалада денесінде таңбасы бар сәби туылған, баланы дәрігерлер бірден ханға, Рам қаласына жіберген. Қала қолбасшысы жауынгерлерді астыртын түрде басым көпшілігін жинап, баланы алып қаладан шыға бере, сарбаздар бір-бірімен соғысқа түскен: бірнеше сарбаз баланы алып, Шұғрат тауларына қарай қашқан, ең қызығы осы жерде басталады.
Қаладағы сатқындардан құтылған соң, қала сарбаздары баланың соңынан түсіп, оларды Шұғрат тауының аймағына жеткен кезде қолға түсіреді, бірақ аяқасты таудан он шақты алып сілеусін шығып, әлгі баланы алып қашқан сарбаздарды қорғап, артынан қуған, жүзге жуық сарбаздың барлығын қырып салған, – деп ол кішкене кідірді, – жауынгерлердің тек бірнешеуі тірі күйінде сытылып үлгерген, ары қарай бала мен оны алып қашқан сарбаздарға не болғанын ешкім білмейді. Сол себепті басқа қалаларда сатқындар бар деген күдікпен хандықтағы барлық жауынгерлерді біртіндеп тексеруде және бұл құпия түрде жүріп жатыр, – деді Батыра.
Ал Ерұлан оның айтқанын асқан мұқияттылықпен тыңдап:
– Қызық екен, – деді, – денесінде таңбасы бар балалар, – деп