ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨРМЕЛЕР БЮРОСЫ (ДКБ) – 1928 жылы 22 қараша айында Дүниежүзілік көрмелерге қатысты конвенция өтінімдерін қамту және бақылау негізінде Париж қаласында құрылып, штаб-пәтері де осы қалада орналасты. Бюроның құрамына Бас Ассамблея, Президент, Атқарушы комитет, Мамандандырылған комитеттер кіреді. Қазіргі таңда Дүниежүзілік көрмелер бюросы ұйымына 157 ел мүше, Қазақстан бұл ұйымға 1997 жылы қабылданды. EXPO көрмелері екі түрде өткізіледі: Дүниежүзілік тіркелген көрме (әмбебап), ұйымдастыру жиілігі – бес жылда бір рет; ұзақтығы – ең көбі 6 ай; алаңы – шектелмеген; тақырыбы – барлық қатысушыларға ортақ. Мысалы, 2017 жылы Астана қаласында өтетін дүниежүзілік көрмеге «Болашақтың энергиясы» тақырыбы таңдалып отыр. Дүниежүзілік танылған көрме (мамандандырылған), ұйымдастыру жиілігі – екі Дүниежүзілік тіркелген көрме аралығында өткізіледі; ұзақтығы – ең көбі үш ай; алаңы – ең көбі 25 га; тақырыбы – мамандандырылған. Көрме өтетін мемлекетке таңдау Дүниежүзілік көрмелер бюросына мүше елдердің дауыс беруі арқылы шешіледі.
КАИР МУЗЕЙІ – Ежелгі Египет жеріндегі ежелгі өркениеттің үшмыңжылдық тарихын қамтитын, 120 000 бірліктен асатын қор коллекциясын сақтап отырған ірі музей. Музей ғимараты қала орталығындағы Тахрир алаңында орналасқан, 1900 жылы неоклассикалық үлгіде француз архитекторы Марсельь Дюнонның жобасымен салынған. Музей көпшілік үшін 1902 жылы ашылған. 1835 жылы Египет үкіметі тарихи-мәдени құндылықтарды