– Жарайды, түсінікті, – деді ол басын жылдам изей. Бұл уақытта қала ішіндегі сарбаздар, қақпаны бұзғышпен соғып, қиратуға кірісті, қақпаны сырттағы сарбаздар жібермей ұстады.
Ерұлан жылдам күймеге жақындай бере одан аққан қанды байқады, оның зәресі қалмай, жүгіріп есікті ашты, күйме ішінде баласын құшақтап Сұлудың қансырап жатқан денесін көрді. Күймені тесіп өткен садақ оғы оны оң жақ көкірегіне тиген. Бұл көріністі көрген Ерұланның кеудесіне тістері бар қанжар қадап, оны ақырын қайта суырғандай күй кешті. Оның бойынан бір сәтке бар әлі кетіп қалғандай оның тізесі бүгіліп, жерге отыра жаздады, ол келген жасын ұстай алмай, ыстық тамшы көзінен ақты.
– Жо-жо-жоқ, Сұлу, жоқ! – деп ішіне кірді де, Сұлудың иығынан ұстап, оның жүзіне қарады. Ерұланға Сұлудың қиналып тыныс алып жатқандығы естілді.
– Ерұлан… – деп сыбырлады, – баланы ал… – деп оған сәбиді созды, – оған қамқорлық жаса, өкінішке орай мен сендермен бірге бола алмайтын сияқтымын, – деді ол.
Сұлу дірілдеген қолын созып, оның жүзіне қойды. Ерұланға оның қолының суықтығы сезілді.
– Жылама, саған жылаған жараспайды… – деді, Ерұланның ыстық жасы Сұлудың жүзіне тамды, ол барынша тістеніп, дыбыс шығармауға тырысқанымен, еріксіз қайғырған үні естілді, – берік бол… сен бәрін еңсересің… бастысы баланы аман алып қал, ол сенің қолыңнан келеді, мен саған сенемін… – сол сәтте Сұлудың қолы жерге құлап, тынысы тоқтады – бұл Сұлудың ең соңғы сөзі болатын.
– Жо-жоқ, Сұлу! – деп Ерұлан оны құшағына басып, қайта жіберді де, анасының қанына малынған баласын оның жансыз қолдарынан ақырын алып, сыртқа шықты.
– Не болып жатыр? – деп келген Батыра күйменің ішіндегі көріністі көріп жерге тізерлей отырды, ол да көзіне келген еріксіз жасты ұстай алған жоқ, тіпті ұстауға да тырыспады.
– Батыра, енді баланың әкесі де, шешесі де сенсің, оған жақсылап қара, сен маған жақсы дос болдың, енді балама жақсы әке болады деген ойдамын, оны өзің сияқты батыл етіп өсір, – деп баланы созды, – жоқ деп айтушы болма, Батыра мен мұндай ауыртпалықпен өмір сүре алмаймын, мына жайт мені ішімнен өлтіріп барады, сен менің қазір қандай жағдайда екенімді елестете алмайсың… – деп кішкене кідірді, оның көздерінен жас шығуын доғарар емес, сондықтан сенен өтінемін баланы алып кет, сенен басқа ешкімнің қолынан келмейді, – деді басын шайқай.
Батыра баланы ақырын қолына алып, оның жүзіне қарады, тыныш ұйықтап жатқан баланың бетінде қан тамшылары қатты. Ерұлан да бір сәтке баласына үңіліп, белбауындағы қанжарын, оның үстіне қойды:
– Есейгенде берерсің және күйменің ішіндегі заттарды алып кет, сен осының барлығының артында не жатқанын анықтауың керек және мына былықтың барлығын тоқтат, мен жете алмаған, аяқтай алмаған істі енді сен соңына жеткізесің, менің және басқаларының өлімі бекер болмасын, берілме, – деді ол Батыраның иығына қолын қоя, – ал енді сәттілік, шап! Сен Батыс орман арқылы Жент қаласына