1995 жылы Республика президенті Н.Ә. Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-дың заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында жаңа астанамызды тұрғыздық. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.
Бақылау сұрақтары:
1. Тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси жағдайына сипаттама беріңіз.
2. Қазақ КСР-дың мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның тарихи маңызын көрсетіңіз.
3. 1991 жылғы «Тамыз бүлігінің» себептері қандай?
4. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялауды жылдамдатқан факторларды атаңыз.
5. Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің мәнін ашып көрсетіңіз.
6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туына сипаттама беріңіз.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасына сипаттама беріңіз.
8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының мәні мен өзерістерінің себептері неде?
9. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының еліміздің тарихындағы орны мен рөлі қандай?
§ 2. Мемлекеттік институттардың қалыптасуы
Ұлт болып ұжымдасудың, ел болып топтасудың үш негізгі тұғыры бар:
1) тәуелсіздік;
2) тұрақтылық;
3) халықтың әл-ауқатының өсуі.
Тәуелсіздік жылдары президенттік басқару жүйесімен өмір сүріп келе жатқан Қазақстан өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Бұл жүйе даму мен алға басудың кепіліне айналды деуге де болады. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы тарағаннан кейін өз тәуелсіздігін жариялады. Ал өзінің іргелі мемлекет ретінде даму жолында президенттік басқару жүйесінің тек жемісін жеді. Бұл Қазақстан үшін ең дұрыс, ең үздік таңдау болғаны сөзсіз.
Әлемде президенттік басқаруды таңдаған көптеген дамыған елдер бар. Ол елдер де қарыштап дамып барады. Осы уақыт ішінде республикалық басқару формасына көшкен мемлекеттердің басым көпшілігінде президент лауазымы енгізілуі оның өміршеңдігін және институттық-саяси жетілгендігін көрсетеді.
Ұлыбританияның бұрынғы премьері Маргарэт Тэтчерден: «Елді басқарудың қай жүйесі тиімді?» – деп сұрағанда ол: «Тәтті нанды дайындау үшін президенттік басқару формасы, ал сол тәтті нанды бөлу үшін парламенттік басқару формасы тиімді болады», – деп жауап қайырыпты.