1991 ж. 23 сәуірде Нова-Огаревада, яғни КСРО президентінің мәскеулік резиденциясында М. Горбачевтің 9 одақтас республикамен жаңа одақтастық келісім туралы келіссөздер өтті. Билік пен басқару органдары құрылымында өзгерістерді жүргізу, жаңа конституцияны қабылдау және сайлау жүйесін өзгерту қарастырылды. Келісімге қол қою күні 20 тамызға белгіленді. Бұл жобаны Армения, Грузия, Молдавия және Балтық республикаларынан басқасы қолдады. Бұл келіссөздер консерваторларды шешуші әрекеттерге көшуге итермеледі, себебі жаңадан қойылатын келісім іс жүзінде КОКП-ның жоғарғы билеуші тобын басты биліктен, қызметтері мен артықшылықтарынан айырар еді. Сонымен қатар 1991 жылдың тамызына дейін РКФСР-дың басшылығына радикалдық өзгерістерді талап еткен жаңа тұлғаның келуі де өз әсерін тигізді. 1991 ж. 12 маусымында РКФСРдың халық депутаттарының І съезінде Ресейдің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Ол заңды түрде республикалық заңдардың одақтас республикаларға қарағанда басымдығын бекітті. РФ-ның бірінші президенті болып Б.Н. Ельцин тағайындалды. Өз кезегінде декларацияның қабылдануы жағдайында кейінгі Кеңес Одағының даму мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды41.
1991 ж. 18-21 тамыз аралығындағы «Тамыз бүлігі» бұл жұмысты үзіп жіберді. КСРО вице-президенті Г.И. Янаев, КСРО премьер-министрі В.С. Павлов, КСРО МҚК-нің төрағасы В.А. Крючков, КСРО Ішкі істер министрі Б.К. Пуго, КСРО Қорғаныс министрі Д.Т. Язов, КСРО Жоғарғы кеңесінің төрағасы А. Лукьянов, т.б. 18 тамыз күні Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, елдегі барлық билік осы ұйымның қолына өтетіндігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде Кеңес Одағындағы ескі мемлекеттік билік пен қоғамдық қатынастарды сақтап қалу мақсатында Мәскеуде ұйымдастырылған төңкеріс еді. Бұл төңкеріс 20 тамызда қол қойылуға тиіс «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталды. Ол шарт Кеңестер Одағына кіретін республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік беретін. «Тамыз бүлігінде» елде қалыптасып келе жатқан демократия нышандарын тұншықтыру және нарықтық қатынастардың орнығуына жол бермеу арқылы елдегі әміршіл-әкімшіл жүйені сақтап қалу көзделді. ТЖМК-ның № 1 қаулысына сай саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстардың қызметі тоқтатылатын болды және митингілер мен демонстрациялар өткізуге, көше шерулеріне, ереуілдерге шығуға тыйым салынды. ТЖМК Мәскеуге ірі әскери күштер топтастыра білді. Олар МҚК-нің әйгілі «Альфа» тобын, ішкі әскерлердің Дзержинский атындағы аса ірі дивизиясы мен Қорғаныс министрлігінің даңқты Тамань мотоатқыштар дивизиясы, Кантемир дивизиясы мен әскери-әуе десантының Тула дивизияларына арқа сүйеді. Әлемге әйгілі бұл дивизиялар түрлі жаттығуларда әбден шыныққан, бақайшағына дейін ең соңғы үлгідегі қаружарақпен қаруланған жойқын күш болатын. Бірер күннің ішінде Мәскеуге 4 мыңнан астам әскери қызметкер, 312 танк, 427 бронетранспартер мен БМПлар шоғырландырылды. Әскери-әуе