Әл-Фараби философиясының сипаты, негізгі өзегі, шын мағынасы қандай? Бұл сұрауға екінің бірінде: перипатетизм мен жаңа платоншылдық элементтерінің қойыртпағы, эклектика деген сияқты жауап айтылып жүр. Батыс Еуропа тарихнамасында орын тепкен бұл пікірді мықтап сынау керек болады. Бұл жерде ғалымның өз көзқарастарын негізінен Платон мен Аристотель шығармаларына берілген түсінік түрінде баяндау формасы оның системасының өзекті мәні мен мазмұны ретінде көрсетіліп жүр. Оның бер жағында түсінік парафраза формасында беріледі де, өз сөздері талданып отырған пікірлерден анық ажыратылмайды1. Мұның үстіне текстің өзінің түпкі нұсқасына сай келетін-келмейтіндігін мүлде білмеушіліктің салдарынан Аристотельге жат, жалған шығармалар оның шынайы шығармаларына баланып келді. Қайсыбір шығарманың шынайылығы жөніндегі талас тіпті біздің заманымызда да тоқталмай келеді. Егер осы жайттардың бәрін сарапқа салып көрсек, онда қандай түсіндірменің болсын салғырт баяндау қалпында қалмайтыны, өйткені ешкімнің де басқа біреу үшін ой толғамайтыны айдан анық болады. Тіпті өзгенің пікірін баяндаған күнде де осы істі өз міндетіне алған адамның жеке басының өзгешелігі бұған әсерін тигізбей қоймайды. Со- кратты Ксенофонт пен Платон баяндап шықты. Бірақ бұл баяндаулар бір-бірінен қаншама алшақ жатыр десеңізші!
Бұдан басқа тағы бір жайт бар. Көзқарастардың әрбір тарихи системасы, мықтағанда филологиялық зерттеуді ғана керек ететін текстер жиынтығы ретінде өмір сүрмейді. Шынында бұлар тарихи өзгеріп отыратын түсіндірмелер түрінде ғана өмір сүреді, сондықтан да бұлар жай музей экспонаттары түрінде емес, нағыз таңғажайып мәдени мұра ретінде бағаланады. Ал философиялық туындылардың әртүрлі тарихи қоспа атаулыдан өзгеше, дербес мағынасы бар емес пе? Мәселені осылай қойған күнде қайсыбір системаны ерекше амал қолданбай-ақ, белгілі концепциялық позиция ұстамай-ақ игеру мүмкіндігі келіп шығады. Мұндағы проблема белгілі бір көзқарастар системасын әрлемей-ақ, күземей-ақ, түзетпей-ақ оның шын кейпін қалпына келтіретін позиция белгілеуде.
Асқан