Жеке салалар бойынша көптеген шенеуніктер қызметін құру керек болатын. Алтын Орданың мемлекеттік жоғарғы басқару әкімшілігінде ең жоғарғы екі қызметі қалыптасты. Бірінші – беклербек, ол қолына іс жүзінде бүкіл билікті шоғырландырды. Ол әскердің қолбасшысы болды. Сондай-ақ басқа мемлекеттермен дипломатиялық қызметті бақылап, жоғарғы сот инстанциясының құқықтарын иеленді (бұлайша бар билікті бір адамның қолына шоғырландыру олардың шын мәнінде Ноғай, Мамай сияқты дербес билеушілерге айналуына да әкеліп соқты).
Екінші жоғарғы мемлекеттік қызмет – уәзір, оның қолында жоғарғы атқарушы билік болды. Орталық органы диван деп аталды және хатшылар басқаратын палаталардан (қаржы, салық, сауда және мемлекеттің ішкі саяси өмірінің басқа да салалары) тұрды. Олардың негізгі қызметі салық жинау және жаулап алынған халықтардың сыйлықтарын қабылдап алу еді.
Басқару сатысында беклербек және уәзірден кейінгі сатыда әскербасшылар – ұлысбегілер (әмірлер, мыңдық басшылары, түмендіктер) және шенеуніктер тұрды. Басқару аппаратына байланысты қызметтер: шекарашы – тамға жинаушы, таразшы – салық жинаушы, елші – жиналған алым-салықтарды Ордаға алып келуші және дипломатиялық қызметтерді орындаушы қуғыншы, бұқала – шекаралық қарауылдардың басшысы, тақтұла – пошташы, жәмшік қызметінің басшысы. Бұдан басқа жарлықтарда ұсақ қызметтер – құсшы, тасымалдаушы, базар бақылаушысы туралы мәліметтер де кездеседі. Алтынордалық шенеуніктер категориясын және олардың иерархиясын бізге дейінгі жеткен хан жарлықтары мен грамоталарындағы титулдарды зерттеу арқылы Г.А. ФедоровДавыдов орнатқан болатын.
Бақылау сұрақтары:
1. Алтын Орданың әкімшілік-саяси құрылымына қатысты кеңестік және қазіргі кезеңдегі ресейлік зерттеушілердщ еңбектерін салыстыра отырып талдаңыз.
2. Алтын Орданың әкімшілік құрылымын сипаттаңыз және «беклербек» қызметіне баға беріңіз.
3. Алтын Орданың ұлыстық басқару жүйесінің ерекшелігі неде және ұлыстардың әкімшілік басқару жүйесіндегі орны қандай?
III тарау
ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫ ШАҒАТАЙ ҰЛЫСЫ ҚҰРАМЫНДА
§ 1. Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі бағыт
Зерттеушілер жаулап алудан кейін моңғол хандары мен билеуші тобының жаулап алған елдерге қатысты жүргізген саясатында анық, бір-біріне қарама-қарсы екі ағымның болғандығын көрсетеді.
И.П.