Одан кейін Алтын Орда тағында 10 жылдай отырған Берке ханның мұсылманшылдығы, ислам дініне көзқарасы туралы жазба деректердің бәрі бірауыздан мақұлдап, оң баға береді. Жошы, Бату, Берке хандар ұстанған бағытты одан әрі Алтын Орданың кезекті ханы Мөңке Темір де жалғастырады. 1269 жылғы Талас және Кенджек өзендерінің бойында өткен құрылтайдың шақырылуы мен ондағы қабылданған шешімдерге Жошы ұлысы жағынан Мөңке Темір хан мен Жошы ұлдарының бірі Беркечардың тікелей қатысы бар. Құрылтайда қабылданған шешімдердің саяси аспектісін қарастырмайақ экономикалық жағына назар салсақ, онда алтынордалықтардың ұстанған көзқарасын анық байқаймыз. Құрылтайда қабылданған шешім туралы Рашид ад-Дин былай деп жазады: «Өздерінің әдет-ғұрыптары бойынша олар алтынмен анттасып, болашақта таулы жерлер мен далалы жерлерде қоныстануға, қалалар маңында жүрмеуге, егістіктерге мал жаймауға және де раийаттарға (егіншілерге) әділетсіз талаптар қоймауға уәделесті». Жалпы алғанда, жоғарыда келтірген дерек мәліметтері Жошы ұлысындағы жоғарғы билеушілердің жергілікті бағындырылған халықтарға қатысты жүргізген саясатында екінші ағымның үстемдікте болғандығын көрсетеді. Ал ол дегеніміз өз кезегінде сырттан келген аз санды моңғолдық этнокомпоненттердің қыпшақ тайпалары арасына тез сіңісіп кетуіне өте қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндіктер берді деген тұжырымға әкеледі.
Бақылау сұрақтары:
1. Моңғол билеушілерінің жаулап алған жерлерді басқару мен билеу бойынша ұстанған негізгі екі бағытын талдаңыз.
2. ХІІІ ғасырда Жетісуда отырықшылық мәдениеттің құлдырап кетуінің басты себептерін көрсетіңіз.
3. Жошының жаулап алған елдерге қатысты саяси ұстанымына қатысты жазба дерек мәліметтерін көрсетіңіз.
4. Шағатай ұлысы аумағындағы Шыңғыс ұрпақтарының ұстанған бағыттарының өзгеру тенденциясын сипаттаңыз.
§ 2. Шағатай ұлысының құрылуы мен ыдырауы
Шыңғыс хан бастаған моңғол әскерінің 1219-1221 жылдары Орта Азияны жаулап алуымен Мәуереннахр өлкесі Моңғол империясының құрамына кірді. Шыңғыс хан екінші ұлы Шағатайға «Мәуереннахрды, Хорезмнің бірсыпырасын, Ұйғыр, Хашафур, Бадахшан, Балх және Ғазнинге, Сыр суына дейін» берген48.
Тарихи әдебиеттерде Шағатай ұлысының тұрғындарын шағатайлықтар деп атау орын алған. Бұл атау осы кезеңдегі «көшпелі өзбектер», «ноғайлар», «шайбанилер» деген этносаяси қауымдастықтардың бір түрі. Ол, негізінен, Шағатай ұлысының аумағына кірген жерлердің тұрғындарын құраған жергілікті отырықшы және көшпелі тайпалардың ортақ атауы ретінде қолданылады.
Шыңғыс ханның Бөрте ханымнан туылған екінші ұлы – Шағатай әкесінің көзі тірі кезінде-ақ моңғолдардың