Дегенмен осы теорияны қолдана отырып, тиімді нәтижеге қол жеткізген елдер баршылық. Атап айтқанда, жаңа индустрияландыру елдерінде – Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Малайзия, Гонконг, сонымен қатар еркін экономикалық аймақтар құрған ҚХР-да жақсы нәтижеге жетті.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында өсу полюстері теориясына сәйкес міндеттер айқындалды. Осыған байланысты аймақаралық теңсіздіктерді жоюдың қалыптасқан жоспарлау әдістеріне қарағанда экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру, табиғи, экономикалық және еңбек ресурстарын, географиялық жағдайды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау міндеті басты орынға шықты. Демек, аймақтарды біркелкі дамыту тұжырымдамасына қарағанда полярлық дамыту тұжырымдамасы маңыздырақ бола түседі. Оның мәні – аймақтық және жаһандық нарықтарға кіріктірілген әрі елдің қалған барлық аймақтары, ал болашақта бүкіл Орталық Азия аумағы үшін «локомотивтер» рөлін атқаратын неғұрлым серпінді дамып келе жатқан қалаларды немесе аймақтарды өсу полюстеріне айналдыру. Осыған орай, аймақтарда экономикалық белсенділікті шоғырландыратын және бәсекеге қабілетті аймақтық кластерлерді қалыптастырудың катализаторы болатын әрі аймақтардың ұлттық және сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ететін ұлттық және облыстық деңгейдегі тірек қалаларды дамыту мәселесі қойылды.
Аумақтық даму стратегиясы аясындағы аймақтық саясаттың негізгі басымдығы ретінде анықталған өсу полюстерін қалыптастыру мәселесіне орай жүзеге асырылуы керек іс-шаралар кестеде көрсетілген.
3-кесте
Аумақтық даму стратегиясы аясында аймақты басқарудың негізгі басымдықтары
Белгіленген іс-шараларды іске асыру басқа әкімшілік аумақтық бірліктердің аумақтарын қамтуды көздейді, бұл, бір жағынан, оларды дамыту үшін түрткі болады, ал екінші жағынан, шараларды іске асыруды үйлестіру, аралас аймақтарда бірлескен ісшаралар жүргізу (кооперациялық жобалар) қажеттігін негіздейді.
Ел аймақтарының аумақтық-шаруашылық жүйелерінің даму перспективалары бәсекеге қабілетті өндірістердің болуына ғана емес, ашық нарықтағы ағындар мен алмасуларды тиімді басқаратын, аймақтың барлық түйінді (табиғи, қаржы, адами және басқалары) ресурстарын ұтымды желілік жүйелерге байланыстыратын және өздерін сыртқы нарықтарға белсенді ұстанымдайтын бәсекеге қабілетті орталық тораптарды – тірек қалаларды қалыптастыруға да тәуелді.
Бақылау сұрақтары:
1. Аймақтық экономика ілімінің қандай беделді мектептері бар және олардың өкілдері кімдер?
2. Аймақтық экономика ілімінің эволюциясына қандай сипаттама бересіз?
3. Өндірісті орналастырудың қандай теориялары бар?
4. Й. Тюненнің