Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап. Қанат Жойқынбектегі. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Қанат Жойқынбектегі
Издательство: Издательские решения
Серия:
Жанр произведения: Историческая литература
Год издания: 0
isbn: 9785005549501
Скачать книгу
болар. Бір елді жаулап алмастан бұрын патша маңында отырғандар шіркеу басшыларымен де ақылдасады. Солар ұлықсат бермей отырған шығар. Сіздің мына сөзіңізде бір зандылық бар тәрізді. Рухтан кез келген ел қорқып, сыйлайды. Ресей патшалары да Шыңғысхан рухынан қорқатын болуы керек. Біздің дін орындары Шыңғысханның өмірін зерттеп жатқанын естимін. Бірақ анығын білмеймін.

      – Шыңғысхан орнатып кеткен тәртіп пәлен ғасырға жететін саясат қалдырып кеткен болуы керек. Оның ұрпақтары да бертін келгенде соның дегеніне жүгінді. Соның арқасында жеңіске жетті. Саясат да бұйым тәрізді тозады. Уақыт өткен сайын оны жаңартып отыру керек. Ал оның кейінгі ұрпақтары оны жасай алмады.

      – Бұл сөзіңіз дұрыс. Бір идея мәңгілік өмір сүрмейді дегеңізге қосыламын. Уақытқа байланысты идея да өзгеріп отыруы керек.

      – Мен де солай ойлаймын. – Шоң Карповтың өзіне адал екеніне көзі жеткені сонша, енді ашығына кетті. – Мен қазақтардың үлкен ауыл болуын арман етіп жүрген адаммын. Бірақ оны жерлестерім түсінбейді. Осында руға бөлінбей, үлкен ауыл болып отырыңдар десем, бірі тілімді алмайды. Тіпті, туған әкем де. Жолай көріп келдіңіз, қазақ ауылдары төрт-бес үйден ғана отыр.

      – Кейде адамдарға тіл алғызу үшін күш керек.

      – Қара күш емес, билік керек. Ал билік қазақта емес, орыста. Ал орыстар қазақтың үлкен ауыл болып отыруын онша қаламайтын сияқты. Оларға қазақтын екі-үш үйден отырғаны дұрыс тәрізді…

      – Сіз осы туралы Карбышевке айтып көрдіңіз бе?

      – Сан рет айтқанмын, ол қазақтарың сол үйренген қалпымен тұра берсін дейді. Мұнда халықтың келешегін ойламағандық бар.

      Мына сөзге Карпов ойланып қалды. Бір сәт не айтарын білмей дағдарып барып, содан кейін айтқаны:

      – Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақыт келеді, сіздің айтқаныңызды орыстардың өзі жасайды.

      – Оған дейін тілден, салттан түк қалмайды ғой.

      Карпов Шоңның сөзінде де бір шындық жатқанын білді. Содан кейін:

      – Бір халықтың өзіңіз айтқан салт-дәстүрлерін құртып жіберу оңай нәрсе емес, – деді.

      – Менің ойым айтады – орыстар соны жасағысы келіп отыр. Тіл өлсе, бәрі де өледі. Қазіргі патша саясаты соған апара жатқан сияқты.

      – Шоң Телкозинович, мен сізге айтып отырмын ғой, орыс саясатында шовинистік көзқарас қүшті. Сіздерді былай қойғанда, орыстар Шығыстан үйрендік демейді. Мен Конфуций философиясын ұнатамын. Ал біздің ғалымдар оған мән бермейді. Қазіргі орыстар өздерін батыстықпыз деп біледі. Ал шын мәнінде олай емес, кезінде шығыстан да үйренгеміз. Мен шығыстың философиясын ұнатамын. Орыс шығыс та, батыс та емес, бір дүбара халық. Бір кезде шығыс дамымаса батыс та дамымайтын еді. Біз мұны түсінуіміз керек. Сіздердің халықтарыңызды атымен атамай жүргені де содан туған. Бір кезде орыстар Алтын Ордаға бағынышты болды ғой. Сол мемлекеттің негізгі күші қыпшақтар болғанын мойындаумыз керек. Қазір тарихта көп нәрсе бұрмалап жазудан туып отыр. Бір кезде Шыңғысхан ұрпағының дізесі орыстарға батып қалды. Олар кімдер?