Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35. Коллектив авторов. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Коллектив авторов
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2014
isbn: 978-601-04-0541-7
Скачать книгу
бетер есірте түскен екен ғой. Өйткені, сол кезде анамның екі өкпесі қабынған болуы керек. Оған қар араластырған суық сүт берсең, ауруы одан ары асқына түсетінін кеш білдік.

      Тағдыр шығар, анамызды қолдан беріп алдық. Ең ақырғы күні, мен ауыз үйде тандырдың үстінде демалып жатыр едім. Анамның жан дауысы шықты. Жүгіріп барсам, әкем қасына келген екен. Оны шақырмай басын шайқап, «ары тұр» дегендей белгі берді. Маған қарап, басын изеді. Алдына тез бардым. Иегімен «жақында» дегендей етті. Мен бетімді анамның ерніне апарып едім, бетімді қайта-қайта сүйді де, жан тапсырып жүре берді… Алдына барғанда байқағаным, екі көзі жанып, маған қайта-қайта қарай берді. Соңынан ойлансам, қимай жатыр екен ғой. Артында менен басқа үш ұл, үш қызы қалып бара жатыр. «Солардың тағдыры не болады? Олардың ең үлкені сенсің. Саған тапсырдым» дегені екенін кейін білдім. Ақ сүтіңнен айналайын, аяулы анам… Небәрі қырық жасында дүние салды. Не көріп кетті?! Артында аңырап, ұлардай шулап жетілмеген бала-шаға – біз қалдық. «Қыз Жібек» операсында әкесі Төлегенге батасын бермеген соң, анасынан келіп рұқсат сұрайтыны бар. Сонда Баба Түкті Шашты Әзізге жалбарынып, баласына адамның жан дүниесін теңселтіп жіберетін әуенмен: «Адасса, жолға салып жүр-ай, Сүрінсе қолдан алып жүр-ай» – дейтін сөздерді айтады. Театрда осыны тыңдағандардың бәрі жылаумен болатын. Менің де жаным ышқынып, әз анама арнап, дауыстап жоқтау айттым:

      Ұл-қызыңның қызығын көрмедің, ойбай!

      Қызыңды қолдан бермедің, ойбай!

      Қу дүниеде мынау өзіңсіз енді,

      Қолымды қалай сермермін, ойбай?!

      Бүкіл жиналған ел езіліп кетті. Өзімнің есім кірелі-шығалы. Анамды жақсы көргендігім сонша – ендігі жерде маған бұл дүниеден еш қайран қалмаған сияқты болып көрінді. Жетісін бердік. Ауылдың ақсақалдары, ағалары жиналды. Қариялар маған: «Балам, есіңді жина, қайғыға берілме, оқуыңнан қалма. Мына жетім қалған бауырларыңды жетілдіру үшін университетті бітіріп, жұмыс істеуің керек. Қайғыға салынып, ауырып қалсаң, сенің бетіңе қарағандардың бәрінің үмітін үзесің. Біз ауыл болып сенен көп үміт күтіп отырмыз. Ер азаматсың, беліңді бу, оқуыңа аттан – біздің айтатынымыз осы», – деді. Жәутеңдеген жетім інілерім мен қарындастарымның көздеріне қарап, ағыл-тегіл жылап, анамның аруағының алдында «ант» бердім.

      «Ақ сүтінен айналайын, ана! Ендігі жерде бір құдайға сеніп, Сіздің алдыңыздағы қарызымды өтеу үшін, оқуымды жақсы бітіріп, мына жетімдерді ешкімге шекесінен шерттірмей, қамқорлығыма аламын. Тыныш ұйықта, жатқан жерің жайлы болсын», – деп Алматыға жүріп кеттім.

      Содан былай өмірімнің осы күніне дейінгі барлық кезеңдерде анамның ақ сүтінің алдында мәңгі бақилыққа қарыз екендігімді есімнен еш шығарған емеспін.

      ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР

      Әкем – Темірбек Тәжіұлы, елдің абыройлы азаматы болды. 1924 жылы Лениннің шақыруымен коммунистік партияға өткен. Әртүрлі басшы қызметте істеген. Әкем туралы менің ойымда оттай басылып қалғаны – барынша