Ата-ананың сезімі мен мейірімі, отбасындағы тәлім-тәрбиеден көрген адалдық пен тазалық – бала кезден біздің бойымызға адами қасиеттерді сіңіретіні рас. Осы тұста «Алып анадан туады» деген халық даналығының астарында жатқан терең мағынаны зерделеуге тура келеді. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген ана сүтімен көптеген қасиет даритынын ешкім де және үлкен ғылым да жоққа шығармайды. «Адамды сүю – ананы сүю» сезімінен бастау алатынын сезіндіретін сол аяулы жанның адам баласы тәрбиесіндегі алатын орны өте ерекше болады. Мұны жас кезде түсінбесек те, ішкі сыршыл әрі нәзік адами-рухани байлығымызды жасайтын ұлы құдірет-күш анада екенін бертінде білдік. Өйткені ұл бала тәрбиесінде әкенің қатқылдау, нағыз «еркектік» қолтаңбасы басымдау болса, ал әйел тәрбиесінде ізгілік, мейірім-шапағат басым болады. Ананың жаны нәзік, қолы жұмсақ, сипаса мамықтай жағады; оның әлдилеп айтқан «Бесік жыры» – әлемдегі ең құдіреті күшті музыкалық шығарма. Біздің қазақта әкелердің «балам маған тартқан» деп таласып жататын әдеті бар. Әрине, балаға оның биологиялық тұрғыдан әсер ететініне дау жоқ. Бірақ та, баланың «Ананың ақ сүтінен» қайрат алып өсетінін ескерсек, оның рухани дүниесі, ең алдымен «Ана» қасиетінің шешуші ықпалымен қалыптасады. «Ананың ақ сүті» деген ұғым баланы тек емізіп қойғанымен ғана түсіндірілмейді. Оның «ақ сүті» барлық жан-тәнінен жаралатынын, емізгендегі аналық сезімге толы бақыты, баланы әлдилеу, денесін сипауы мен бетін иіскеуі арқылы беретін рухани нәрі – сәби тәрбиесінің ең шешуші қайнар бұлағы. Қазақ балаға бата бергенде «ананың ақ сүтін ақтайтын» азамат бол деген өсиет айтатын болған.
Ананың текті ұрпақ жалғастырудағы орнын қазақтар ертеде түсінген. Сондықтан, ұлдарына құда түсуде көргенді-өнегелі жердің қыздарын іздейтін болған. Елден бір азамат шықса, «ол кімнің жиені екен» деп сұраған. Бұл туралы «үйдің жақсы болмағы ағашынан, ұлдың жақсы болмағы нағашыдан» деген мақал тегін айтылмаған. Менің бойымда ел аузына іліккен азын-аулақ жақсы қасиеттерім болса, оларды, ең алдымен анамнан алдым