Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35. Коллектив авторов. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Коллектив авторов
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2014
isbn: 978-601-04-0541-7
Скачать книгу
еді. Ондайда тамақ ішуді ұмытып кететінбіз. Көбелектердің көптігі сонша – оған қарап тұрудың өзі рақат еді. Түстері, түрлері есепсіз мол сол көбелектерге қарап, туған жер табиғатының сұлулығына құмарта тамсанып өстік десем артық айтқаным бола қоймас.

      Соғыстың аяғына қарай елге жаралы болып жазылған азаматтардың алды орала бастады. Халық қашанғы күңірене берсін, ел ішінде азын-аулақ той-томалақтар өткізілетін болды. Менің есімде солардың бірі ерекше әсер беріп қалып қойыпты. Әміре деген ағамыз соғыстан бұрын Ташкенттегі Орта Азия университетінің (САГУ) соңғы курсында оқып жүргенде, Алматыда ашылған коммунистік журналистика университетіне сабақ беруге шақыртылып алынады. Оқытушы болып істеп жүргенде, оны Жезқазған комбинатына парторг етіп жібереді. Бұл кезең халық жауларын жоспарлы түрде іздеп жатқан уақытқа сай келеді. Көп ұзамай бұларды қалалық партия комитетінің бюросында тыңдап, ағамызды партиядан шығарады. «Коридорға шығып күте тұрыңыз», – дейді. Қамалатынын білген ол шығысымен вокзалға тартып, руда тиеген вагонға жасырынып, тайып тұрады. Өзбекстанға өтіп кетіп, аты-жөнін өзгертіп, жұмыс істеп жүргенде соғыс басталып, майданға кетеді. Соғыстан оралған соң ауылда бухгалтер болып жұмыс істеді.

      Сол ағамыздың үйлену тойына колхоз жәрдем беріп, үлкен етіп өткізді. Бірнеше үй тігілді. Бұл 1946 жыл еді. Мен ауылдағы мектептің жетінші сыныбын бітірген кезім. Өзімді жігіт сезініп қалғанмын. Бір кезде қыздар мен жігіттердің ойын сауығы басталды. Қасымда Оралхан деген менен бір сынып кейін оқитын досым бар. Мен оған: «Тойға келген мейман қыздардың тұсына барып айтысайық» деп бір үйдің сыртына алып келдім. Сұрастырсақ, ол жерде Қожымбет деген атамыздың бой жеткен балдызы бар екен. Қасында қыз-келіншектер де бар. Әй-шәй жоқ тұсына отырдық та, өлеңді бастап жібердік. Олар да жауап өлеңдерін айта бастады. Бір уақытта қарасам біздің айналамыз адамдарға толған. Оралханның әкесі Шаңбай деген атамыз менің көкем мен анамды ертіп келіп, «мына балаңның жігіт болғанын көр» деп қауғалап жатыр. Анамның қуанышында шек жоқ. Қуанғаны сонша, ұшып кетуге дайын тұрғандай. Қайындары жеңгесіне: «Балаңның қыздарға өлең айтқанына той жаса!» деп ортаға алуда. Менің құлағыма келгені анамның «Ертең үйге келіңдер, ешнәрсені аямаймын» деген сөздері болды. Біз сасқан жоқпыз. Өлеңімізді аяқтап, қыздардан телім алдық. Кейінгі тойларда қыздармен айтысу әдетке айналып кетті.

      Осы күндері ойланып отырып, «шіркін, албырт жастық-ай» деймін. Өлеңге құмарлығым ана сүтімен берілген, халқымыздың аңыз-әңгімелерін, ертегілерін ақындар айтысын жастайымыздан құлаққа құйып өскендіктен болар деп ойлаймын. Оның үстіне сол кезде шыққан дастандар жинағы, батырлар жырын құмартып оқып қалыптасқанымыздың әсері сөзсіз көмектесті. Соғыс кезінде (әсіресе 1943-1944 жылдары) ауылда қалған кемпірлер, күйеулері әскерге кеткен әйелдер, олардың ішінде жас келіншектер көп болатұғын. Мал-жанды жайғастырып болғаннан кейін, түнге қарай Айшагүл апамыздың үйіне жиналып, шамның