Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап. Коллектив авторов. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Коллектив авторов
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2016
isbn: 978-601-04-1636-9
Скачать книгу
теңгерімді де тиімді жүйесі қалыптастырылды. Республикада мемлекеттік билік заң шығару, атқару және сот тармақтарына бөліну қағидатына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бақылау сұрақтары:

      1. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы конституциясының орны мен рөлі қандай?

      2. 1995 жылы жаңа конституция қабылдаудың қажеттілігі неден туындады?

      3. 1993 және 1995 жылғы конституцияларға салыстырмалы талдау жасаңыз.

      4. 1995 жылғы Қазақстан Республикасы конституциясының құрылымын сызба бойынша көрсетіңіз.

      5. 2007 жылғы конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мәні қандай?

      § 4. Мемлекеттік шекара және ұлттық қауіпсіздік

      Қазақстан іргелес елдермен әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды.

      Қазақстанның тәуелсіздік жылдары басты көңіл аударған мәселелерінің бірі – елдің шекаралық қауіпсіздігін сақтау. Бізбен солтүстікте бірнеше мың шақырым шекараласатын Ресеймен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шекараны тұрақтандырып бекіту өте қажет іс еді. Шекара – мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Сондықтан бұл маңызды саяси мәселе Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы кездесулерде әлденеше рет әңгіме арқауы болды. Осының нәтижесінде екі ел арасында 1992 ж. 15 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Бұл шарттар бойынша Қазақстан мен Ресей әрі қарай да аймақтық қауіпсіздікті бірлесіп нығайту және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сөйтіп, сыртқы саясат саласында өзара бірлесіп әрекет ету көзделген. Ресей мен Қазақстан арасындағы қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселесі екі ел арасындағы 1998 жылы шілдеде қабылданған «Мәңгі достық және одақтастық туралы декларацияда», сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық туралы алдағы 10 жылға (1998-2007 ж.) арналған экономикалық бағдарламада өзінің даму көрінісін тапты. Осы келісімдер негізінде Қазақстан-Ресей шекара белдеулерінде делимитациялау шаралары жүргізіле бастады. Ал 2000 жылы қаңтарда Мәскеуде өткен екі мемлекет басшысының кездесуінде басты үш бағыт туралы келісім жасалды. Біріншісі – екі ел саясатындағы қарым-қатынастың сабақтастығы. Екіншісі – қауіпсіздік мәселесіндегі ынтымақтастық. Үшіншісі – шекараны нақтылау мәселесі.

      Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы – шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен – 7,5 мыңнан астам шақырым, Түрікменстанмен – 400 шақырым, Өзбекстанмен – 1660 шақырым. Ресеймен шекараны делимитациялау мәселесі 1998 жылғы 6 шілдеде екі ел басшысының бірлескен мәлімдемесінен және сол жылғы 12 желтоқсандағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі хаттамадан басталды.