Үшінші пікірді жақтаушылар бұл соғыстың шынайы себебі «империя аумағын кеңейту» мен «Алтын әулетін қоршау» қажеттілігінен туындағанын алға тартады. Бұл – екінші пікірмен біршама үндесетін ұстаным.
Төртінші пікірлер легі «қылмысқа қарсы кек қайтару» әрекетін, яғни бейбіт елшілердің өлтірілуін соғыстың шынайы себебі ретінде карастырады11. Жоғарыда келтірілген пікірлерді қорыта келе, біз төртінші топ авторлары атап көрсеткен оқиға батысқа жорықтың шынайы себебінен гөрі, бұрыннан ойластырылған үлкен жоспарды жүзеге асыруға сылтау болған себеп деген ғылымда негізінен қабылданған пікірмен келісеміз.
Ерен ерліктің жарқын үлгісіне айналған Отырар қорғанысы оның билеушісі мен тұрғындарының жанкешті ерлігіне қарамастан алты айдан соң кұлады. Негізінен бес ай уақыт өткен соң қала қақпасынан хаджиб Хараджаның көмегімен ішке лап берген моңғол әскері қаланың әр көшесін, әр қорғанысын алу үшін тағы бір ай шайқасуға мәжбүр болады.
Қала мұнарасына бекінген Қайыр хан соңғы оғы таусылғанда жауларына кесек лактырып, ең соңғы мүмкіндігі калғанша шайкасады.
Моңғолдар 1220 жылдың ақпанында Отырарды алғаннан кейін оның цитаделін толық күйретеді, ал аман қалған тұрғындарының ішінен қолөнершілерді бөліп алып, қалғандарын басқа қалаларды аларда шабуылға шыққан моңғол әскерінің алдындағы қалқан ретінде пайдалануға айдап кетеді12.
Шыңғыс ханның ұлдарына қала алынбай тұрған кезде Отырар қаласының басшысы Қайыр ханның бұрынғы орынбасары Бадр ад-Дин ал-Амид келеді. Ан-Нисавидің хабарлауынша, ол Шыңғыс ханға өзінің Мұхаммед Хорезмшахты қаншалықты жек көретінін айтып, оны тез жеңудің кұпиясын білетінін жеткізген. Осылайша, моңғол ханы Бадр ад-Дин Амидтің ақылымен Хорезмшахтың анасы Теркен хатунның туыстары болып келетін әскер басшыларының атынан Шыңғыс ханның атына жазылған жалған хат мәтінін даярлайды. Әрине, бұл хат түпкі мақсат бойынша Шыңғыс ханның жансыздарының көмегімен Хорезмшахтың қолына түседі13. Бұл арандатушылықтан кейін өзінің тегі қаңлы-қыпшак көптеген әскер басшыларының Шыңғыс хан жағына өтуге дайын екендігіне кәміл сенген Хорезмшах көп санды әскерін одан әрі бөлшектеуге бел шеше кіріседі.
Ал бұл кезде Жошы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласын қоршауға алады. Жеті күн, жеті түн қоршаудан кейін қаланы шабуылмен алған моңғолдар «кеңшілік пен аяушылық қақпасын жауып тастап» халықты аяусыз қырып салды14.
Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыруға аттанған Алак-нойан, Сакту-Бұқа басқарған 5 мың моңғол әскеріне қарсы Бенекет қорғанысын Илегту-Мәлік бастаған халық қарсы тұрды. Моңғолдарға қарсы үш күнге созылған теке-тірес шайқастан соң Илегту-Мәлік моңғолдардан сауға сұрайды. Моңғолдар қаланы қорғап, әскердің тең жартысын қырып салып, әдеттегідей тұрғындардың ішінен қолөнершілер мен шеберлерді