Тәуекелдің орын алу салдарынан 3 түрлі нәтижеге қол жеткізуге болады:
1. Теріс нәтиже – яғни тәуекел деңгейіне байланысты кәсіпкер табыстан, түсімнен, тіпті кәсіпорынның барлық мүлкінен айырылуы мүмкін.
2. Оң нәтиже – бұл жағдайда кәсіпкер қосымша табысқа ие болуы немесе тәуекел нәтижесінде туындаған жағдай оған тиімді болуы мүмкін.
3. Нөлдік нәтиже – шығын да, пайда да болмайды, тек түсім тәуекелдің әсерінен туындаған шығындарды толық жабады.
Компанияның тәуекел менеджерінің негізгі қызметі орын алатын тәуекелді алдын ала болжау, оны болдырмау үшін қажетті шаралар жүргізу, туындаған кезде оның деңгейін барынша төмендету.
1. Белгісіздік дегеніміз не?
2. Белгісіздік және тәуекел түсінігі дегеніміз не?
3. Белгісіздіктің пайда болу себептеріне нелер жатады?
4. Белгісіздіктің қандай түрлері ажыратылады?
5. Белгісіздік пен тәуекелдің айырмашылығы неде?
2-тарау. ТӘУЕКЕЛДІҢ ЖІКТЕЛУІ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ
2.1. Тәуекел түрлері және жіктелуі
Компанияның қызметінде туындайтын тәуекелдерді басқаруға болады, яғни әртүрлі әдістерді қолдана отырып, тәуекел жағдайының туындауын болжап, шығын көлемін есептеп, содан соң тәуекелдің қай түріне жататынын анықтап, соған байланысты тәуекел дәрежесін төмендетеміз. Тәуекелді тиімді басқару үшін олардың жіктелуін жете меңгеру керек.
Тәуекелдің жіктелуі дегеніміз – белгілі бір сипаттарына сәйкес тәуекелдерді топтастыру. Тәуекелдің жіктелуі тәуекел түріне сәйкес оны басқару әдістерін анықтауға әсерін тигізеді.
Тәуекелді жіктеу келесі элементтер бойынша орындалады:
– пайда болу уақыты;
– пайда болу факторы;
– есепке алу сипаты;
– салдар сипаты;
– пайда болу саласы, т.б.
Пайда болу уақыты бойынша тәуекел келесі түрге бөлінеді:
– ретроспективті;
– ағымды;
– болашақ (перспективті).
3-сурет. Пайда болу уақыты бойынша тәуекелдер түрлері
Ретроспективті тәуекел түрлерін талдау нәтижесінде менеджер ағымды және болашақта пайда болатын тәуекелді тиімді басқара алады.
Ағымдағы тәуекелдер – бұл қазіргі уақытта пайда болған тәуекелдер және тәуекел менеджер оларды басқару бойынша кідіріссіз шаралар қабылдауы қажет.
Болашақ (перспективті) тәуекелдер – бұл жақын уақытта пайда болатын тәуекел түрлері, тәуекел менеджер бұл тәуекелдерден арылу немесе оның деңгейін төмендету үшін қажетті шараларды қарастыруы тиіс. Пайда болу факторлары бойынша тәуекелдер саяси және экономикалық түрлерге бөлінеді.
4-cурет. Пайда болу факторы бойынша тәуекел түрлері
Саяси тәуекелдер – елдегі саяси өзгерістерге байланысты пайда болатын тәуекелдер. Олар кәсіпкерлік қызметке