3. Қазақ топономикасын қалпына келтірудің қажеттігі туралы не делінген? Оған алып-қосарың бар ма? Сен бұл бағытта не істер едің? (жазбаша).
«Ономастика» деген гректің сөзі «орын», «жер», «атау» дегенді білдіретінін еске салсақ, ежелгі мекені – сайын дала, төсегі – жасыл жайлау, көк майса, көкорай шалғын, көрпесі – көк аспан болған көшпенділер, оның ішінде қазақтар үшін бұл сөздің мәнмағынасы тіпті терең, ауқымы тіпті кең. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» десе, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уәлиханов: «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады» деп, жер-су атаулары елдің болмысы, салт-дәстүрі, тілі, діні екенін, ешқашан жөн-жосықсыз, ойсыз-мәнсіз кездейсоқ қойыла салмағанын еске салады.
Халқымыз: «Үш байлығыңды – елің мен жеріңді және тіліңді құрметте» деп бекерге айтпаған. Міне, сондықтан да қазақ өзінің өсіп-өнген жеріне, тауы мен тасына, өзені мен көліне, сай-саласына дейін ат қойып, айдар тағып отырған, тарихын тасқа қашаған. Сөйтіп, өзінің болмыс-бітімін, ежелден келе жатқан далалық дүниетанымын, тілі мен ділін, мәдени ерекшелігін, рухани құндылықтарын шашасын шығармай, шашыптөкпей болашақ ұрпаққа аманаттай білген. Белгілі жазушы, ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбектің тілімен айтсақ: «… атау арқылы белгілі бір жаратылыс пен құбылыстың мазмұндық мәнін танып-түсінуге жол ашылады, бағдар айқындалады».
Сайып келгенде, мұның бәрі біздің бүгінгі таңда тек тарихи-мәдени мұра ретінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдықсаяси маңызға ие болып отырған ономастика мәселелеріне көзқарасымызды, одан туындайтын іс-қимылымыздың бағыт-бағдарын айқындауға тиіс. Елбасымыздың Қазақстанның бүгіні мен болашағы жайында ой толғағанда, үнемі оның көне тарихына шолу жасап, одан тағылым алу қажеттігін ескертіп отыруы да кездейсоқ емес. Осы арада Нұрсұлтан Әбішұлының ономастика мәселелері әркез ел басшылығының назарында болады. Бұл ретте жалтақтаудың еш қажеті жоқ. Жердің байырғы тарихи атауына үйлеспейтін, халқымыздың абыройы мен беделіне көлеңке түсіретін, отарлық кезеңнен қалған атаулардан арылу керек деген сөздерін айта кеткен артық болмас.
Мамандар қазір елімізде ономастикалық жұмыстың нормативтік-құқықтық базасы, негізінен, қалыптасты деп жүр. Меніңше, бұл орайда әлі атқарылатын істер аз емес. Десек те, «жоққа жүйрік жетпейді», барға шүкіршілік етеміз. Қолданыстағы құжаттардың ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы № 45 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс