Кез келген дипломатиялық құжаттың мазмұны мен нысаны өте маңызды. Осыған байланысты дипломатиялық құжаттарды ресімдеуде оның орындалуы мұқияттылықты талап етеді. Дипломатиялық құжаттарды әзірлеу барысында көптеген жайттарды ескерген дұрыс. Құжаттарды қалай ресімдеу керектігін, қандай дәйектемелерді ұстану қажеттілігін ең алдымен дипломатиялық қызмет шешеді. Дегенмен, әрқашан да серіктестердің негіздеген дәйектемелерін ескере білген жөн. Сол себепті дипломатиялық құжаттарды дайындау жоғары кәсіби біліктілік пен дипломатиялық тәжірибені талап етеді. Дипломатиялық хат алмасу да жалпы дипломатиялық үрдіс тәрізді ұзақ даму жолынан өтті. Соның негізінде бүгінгі күні дипломатиялық құжаттар шет тілдерде, сондай-ақ орыс тілінде өзіндік бір қалыптасқан тәртіпке сүйенсе, қазақ тілінде халықаралық деңгейдегі ресми хат алмасудың үлгісі енді ғана қалыптасу үстінде. Бұл өз кезегінде бірқатар қиыншылықтар туғызады. Сол себепті еліміздің халықаралық қатынастар саласындағы мамандары қазақ тіліндегі дипломатиялық құжаттарды ресімдеуді жетілдіруге шын ниетпен талаптанса қазақ тіліндегі құжаттар да әлемге әйгілі болары анық.
Өйткені мемлекеттің дипломатиялық қызметінің бір түрі ретінде дипломатиялық құжаттар елдің әлеуметтік-экономикалық құрылымына, тіліне, мәдениетіне тән ерекшеліктерін көрсетеді. Бірақ барлық өзіндік ерекшеліктерімен қоса, әр ғасырдағы дипломатиялық құжаттарға қашан да айрықша талаптар қойылған, қойылып келеді де. Мысалы ежелгі дәуірде дипломатиялық құжаттар бір елдің билеушісінен екінші мемлекеттің патшасына арналғандығынан немесе оның атынан өкілетті тұлғаның қол қоюынан емес. Егеменді мемлекеттердің басшылары құжаттарға берік болуға серт берген. Белгіленген міндеттемелерден бас тарту беделді жоғалтып, сенімділіктен айырылуға әкеліп, өз кезегінде мемлекет үшін өте қолайсыз жағдай туғызуы мүмкін.
Барлық дипломатиялық құжаттар ресми болғандықтан, құжат түрін таңдауға аса зор көңіл бөлінген: ол нақтылы жағдайға сай болуға тиіс. Осыған орай ең бастысы құжаттың мазмұнын негізге алып, дипломатиялық хат алмасу әдіс-тәсілдерін жақсы меңгеріп, құжат бағытталған мемлекеттің салт-дәстүрін ескерген өте орынды болады. Дипломатиялық құжат вербальді нота түрінде келген болса, оған жауапты да вербальді нота түрінде, ал жеке нотаға – жеке нота түрінде жауап берген дұрыс. Егер жеке нотаға вербальді нотамен жауап жазу сыйламағандықтың, немқұрайдылықтың белгісі болады, сондай-ақ жеке қол қойған хатқа аты-тегіңізді техникалық құралдың көмегімен жазып жауап беру де әдептілікке жатпайды. Қабылданған дипломатиялық құжат жауап беруді талап етеді. Жауаптың болмауы да қандай да бір сипаттағы жауап болып танылады. Мұндай түрде жауап беру тәсілі айрықша жағдайда қолданылуы мүмкін.
Жеке тұлғаларға арналған ресми құжаттар қаратпа сөзбен басталады. Құжат арналған тұлғаның лауазымын және оның тегі мен аты-жөнін нақтылы жаза білу маңыздылығы жағынан құжаттың мазмұнынан кем емес. Қандай да бір қателікке жол берілмеуі тиіс.