Орта ғасырлар тарихы. Рыскелді Мырзабекова. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Рыскелді Мырзабекова
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2014
isbn: 978-601-04-0568-4
Скачать книгу
Бұл тыныштық 415 жылы бұзыла бастады. Византияның Батыс империясымен қатынасы бірде шиеленісіп, бірде бәсеңсіп отырды. 407 жылы Батыс пен Шығыс арасында соғыс өрті тұтанып кете жаздады. 410 жылы Римді Аларих басқарған вестготтар басып алғаннан кейін екі арада бейбітшілік орнады. Византияның солтүстіктегі жағдайы нашарлап кетті. Қара теңіз жағалауында ғұндар билігі күшейе түсті: 40-жылдары олар Константинопольді басып алу қаупін туғызды. Үкімет дипломатиялық айла-тәсілдермен бұл қауіптен құтылуға тырысты. Мұндай саясат өте қымбатқа түсіп отырды. Бейбіт бітім шарттарға қарамастан, Аттиланың әскері жиі-жиі келісімді бұзып отырды.

      Империяның шығысындағы жағдайы да қиын болды. Византияның өзі Ирандағы христиандарды қолдаудан бас тартпады. Бұл қол сұғушылық екі елдің арасындағы соғысқа себеп болды. Соғыс Византия үшін сәтсіз болды. Тек шығыстағы көшпенділер шабуылы ғана парсы үкіметін 442 жылы Византиямен бітім шартын жасауға мәжбүр етті.

      V ғасырдың екінші жартысында Византияны, әсіресе готтар мәселесі көп мазалады. 453 жылы Аттиланың өлуі, оның державасының ыдырауы Византияның сыртқы жағдайын біраз жеңілдетті. Бірақ ғұндар қаупінің орнына енді готтар қаупі туды. Олар Константинопольді варвар басқыншыларының шапқыншылығы алдына қойды. 467 жылы Византия дипломатиясы Батыс империя тағына өз ықпалындағы Анфимийді отырғызып, готтарға қарсы күресте өз мақсатына жақындай түсті. Екі империя бірлесіп вандалдарға қарсы жорық жасады. Бірақ нашар ұйымдастырылғандықтан, сарай төңірегіндегі арбау-алдаудың нәтижесінде бұл жорық сәтсіз аяқталды. Бұл сәтсіздік Батыс империяның құлауын тездетті.

      469 жылы ғұн тайпаларының қалдығы Балқан жартыаралына шапқыншылық жасады. Византия әскері оларға ауыр соққы берді. Бұл жеңістен кейін бастамасын Аттиланың ғұндар одағынан алатын готтар жасақтарының қаупі арта түсті. 471 жылы готтарға қарсы соғыста византиялықтар сәтсіздікке ұшырады. Енді сәтсіздікті дипломатиялық жолмен түзетуге күш салынды. Готтарға құрметті атақтар, бай сыйлықтар мен қызметтер таратылып берілді.

      Готтар қаупі империяға зіл батпан болып батты, бұл қауіптен құтылу мақсатымен Зинон (476-491) готтарға Италияға бірлесіп жорық жасауды, ондағы Одоакрдың орнына Теодерихтың таққа отыруын ұсынды: 488 жылдың күзінде готтардың негізгі күші Балқанды тастап шықты. V ғасырдың екінші жартысында Персиямен арақатынас жақсара түсті. Персияға ғұн-қидандар, ғұн-эфталиттер шабуыл жасағанда оларды ортақ жау санап, Византия көршісіне қаржылай көмек көрсетті. Зинон эфталиттерге тұтқынға түскен Пероз шахты (459-484) құтқарып алды.

      Анастасийдің (491-518) сыртқы саясаты барлық шекараларда қорғанушылық саясат болды. Шығыста едәуір уақытқа созылған бейбітшіліктен кейін Персиямен соғыс басталды. Иран Каспий жақтан варварлар шабуылын тежеп тұру үшін Византиядан қаржы сұраған болатын. Анастасий ол қаржыны беруден бас тартқан соң парсы әскері шабуылға шықты. Басты соғыс қимылы 502 жылы Амида қаласы маңында болды. Парсылықтар қаланы басып алды, бірақ