Аллод және қауым-марка. VІ ғасырдың аяғында ерікті франктердің мұралық үлестері толық жер меншігіне айналдырылды. Бұл «аллод» деп атала бастады. Бұрын «Салика заңында» мұра біткеннің бәрі осы терминмен аталған еді. Жылжымалы мүлікке үйлестіріп қарау жағынан аллод меншік ұғымында, ал жерге үйлестіру жағынан тек қауым мүшесінің мұралық үлесі ретінде ғана қаралды. Бірақ бұл үлеске қауым емін-еркін қожалық ете алмады. Король Хильдериктің жоғарыда көрсетілген эдиктісі қауымдастардың мұрагерлік құқығын ұлғайту арқылы іс жүзінде қауымның өз мүшелерінің үлесіндегі жерге қожалық ету құқығын жойды. Бұл жер бұдан былай өсиет етіп қалдыруға, сыйға тартуға, біртіндеп сатып жіберу-сатып алу объектісі болуға айналды, яғни қауым мүшесінің жеке меншігіне айнала бастады.
Аллодтың пайда болуына байланысты егінші қауымның көршілік қауым-маркаға, территориялық қауымға айналу үрдісі аяқталды. Қауым-марка енді руластардан емес, көршілерден құралды. Қауым-марка мүшесінің әрқайсысы шағын жанұяның иесі болып табылды және өзінің жер үлесі аллодтың толық иесі болып саналды. Қауымның құқығы марканың тек әлі бөлінбей жатқан жерлеріне ғана жүретін еді. Бұл жерлер бұрынғыдай қауым мүшелерінің пайдалануларында қала берді. VІ ғасырдың аяғына таман кейбір шалғындық жерлер мен орман учаскелері жеке қауымдастардың аллодтық меншігіне көше бастады.
VІ ғасырдың аяғында франктерде қалыптасқан қауым-марка қауымдық жер иеленудің ең соңғы түрі болып табылды.
Галло-Рим халқы және оның франк қоғамын феодалдандырудағы рөлі. Франк қоғамында VІ ғасырдың аяғынан басталған феодалдандыру үрдісі тек франктердің ортасында ғана емес,