Сонымен Марко Поло «Кітабы» кемшіліктеріне қарамастан азиялық Шығыстың жолдамасы болды дей аламыз. «Кітаптың» алғашқы данасының жазылуынан бері (1298) бірнеше ғасырлар өтсе де, ол тек – тарих, этнография, жағрафия, филология мамандарының ғана емес кең көлемде оқырман қауымның да қызығушылығын тудырады. Марко Поло оқырмандарына, әлемнің кереметтілігін айта келе, ертегідей бай елді суреттей отырып, осы өмірді қадірлеуді, бағалауды үйретеді.
Жалпы, аталған еңбектер біз алып отырған дәуірдің тыныс тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, Батыс пен Шығыс елдері арасындағы дипломатиялық, сауда байланыстарын, осы салаларда болған өзгерістер мен ерекшеліктерді түсінуге мүмкіндік береді.
Сұрақтар:
1. Осы оқу құралында алынып отырған кезең бойынша Шығыс жайында қандай Батыс жазба деректерін білесіз?
2. Венециандық Марко Поло саяхаты жөнінде не айта аласыз?
3. Марко Поло еңбегі қандай шығармалар қатарына жатады?
ІІ БӨЛІМ
ХІІІ-XIV ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚЫТАЙ
1-тақырып. Қытайдың саяси, дипломатиялық жағдайы
X ғасырдың басына қарай Тан империясы ыдырап, 960-1279 жылы Оңтүстік Қытайды Сун әулеті біріктірді. Елдің солтүстік аймақтарын көшпелі тайпалар билеген мемлекеттер өмір сүрді. Олар бір-бірімен және Сун әулетімен үздіксіз соғыстар жүргізді, яғни Қытай мемлекеті бытыраңқы жағдайда өмір сүрді. Таза Қытай әулеттері елдің орталық және оңтүстік аймақтарына үстемдік етті. Ал қазіргі Солтүстік Қытайда көшпелі түркі, моңғол, тағы басқа халықтардың мемлекет бірлестіктері бірінен соң бірі ауысып жатты. Олардың ішіндегі ең қуатты мемлекеттер – қидандар құрған Ляо (916-1125), шүршіттер құрған Цзинь (1115-1234) және таңғұттар құрған Ся (1032-1227) әулеттері еді. XIII ғасырдың бас кезінен Қытайды Шыңғыс хан билеген түркі-моңғол тайпалары жаулап ала бастады. 1271-1363 жылы Қытайда Шыңғысханның немересі Құбылай негізін қалаған Юань империясы билік етті.
Юань империясының еуропалық, христиандық елдермен қарым-қатынасы. XIIІ-ХІV ғасырлар ортасында қытайлықтар, моңғолдар, ұйғырлар, қидандар арасында христиандықтың несториандық бағытының таралуы, сонымен қатар шығыстың бір жерінде ірі христиандық мемлекеттің бар екендігіне сенім, Батыс Еуропа мен сол кезде Қытайда үстемдік еткен Моңғол империясының алғашқы танысуына алып келген басты болмаса да, негізгі фактор болды. Ал басты фактор, еуропалықтардың моңғол жаулап алушылықтарының алдындағы қорқыныш еді. Моңғол империясы жөнінде хабарды алғашқылардың біреуі болып монах Юлиан әкеледі. Ол венгер королі Бела IV тапсырмасымен Поволжьедегі қыпшақтарға (командар) 1235 жылы және 1237 жылы қайталап барған болатын. Бұл саяхаттағы