Ассамеблея халық бiрлiгiне қызмет ететiн қоғамдық институт, жоғарыда халық бiрлiгi – қоғамға тiкелей қатысты дедiк. Ретi келген соң айта кетелiк, ха-лық бiрлiгi мемлекет пен қоғам арасындағы сансыз қатынастар үндестiгiне қатысты. Социализм кезiнде де мемлекет және қоғам дегендер болды, мысалы, бiз социалистiк мемлекет және социалистiк қоғам дейтiнбiз, бiрақ бұлардың сапалық айырмашылығы болмайтын, қоғамның дербестiгi жоқ болды десе де болады, себебi қоғамдық ұйымдар: партия, комсомол, кәсiподақ, т. б. мемлекеттiк негiзде болатын. Қоғамның дербестiгi болмады, яғни ол қоғамда демократиялық үрдiстер және жеке адам еркiндiгi болмады деген сөз. Мемлекеттiк идеологиядан тыс қоғамдық ынта болмайтын, өйткенi бар iстi мұқият қадағалаушы коммунистiк партия, ал ол сол кездiң Конституциясы бойынша басқарушы билiктi атқарушы едi. Сондықтан социализм заманында мемлекет пен қоғам бiр болды. Қазiргi көзбен қарасақ, оның жақсылығы да, жамандығы да болды, әсiресе соңғысының мол болғандығынан социализм өзiн-өзi күйретуге апарып соқтырды.
Нарықтық қатынастар мен тәуелсiздiк жағдайына жағдай түбiрiмен өзгеше. Қоғамның мемлекеттен дербестiгiнiң мүмкiн болуы бұл елдiктiң кемелденуiнiң заңдылығы десек те болғандай, ендiгi жердегi мәселе, осы қарқыннан мемлекеттiк құрылымдардың қалып қоюы қауiптi. Ол қауiптiң мәнiсi мемлекеттiң қоғам дербестiгiне бөгет, тежеушi күш болуынан аңғарылмақ. Мемлекет пен қоғам арасындағы осы заңдылықты дер кезiнде көре бiлген Президент өткен жылы Конституцияға өзгерiстер енгiзуге ұсыныс жасап, оны парламент қолдап, қоғамдағы демократиялық үрдiстердi одан әрi жетiлдiру мақсатында қоғам өмiрiнде саяси күш ретiнде партиялық жүйе енiп, қалыптасты. Партия – қоғамдық ұйым, ол әкiмшiлiк емес. Партия – қоғам дербестiгiнiң көрiнiсi. Партия – идеялық қуат өлшемi. Егер ол әкiмшiлiкке айналса, қоғамды мемлекеттiң тәуелдiлiгiне бастамақ, әлемде мұндай тәжiрибе бар, оның айшықты үлгiсi – Қытай халық республикасындағы жағдай, ойлаймын, бұл тәжiрибеде тактикалық жағдайда тиiмдi болғанымен, стратегияда оның зардаптары болуы мүмкiн, яғни мемлекет пен қоғамның бiрiгiп кетуi, сөйтiп, демократиялық үрдiстер легiне тоқтау салынуы. Әлемдегi көп елдер сондықтан мұндай тәжiрибеден бас тартып отыр. Дамыған деген елдерде партия негiзiнен билiкке жетудiң технологиясы қызметiн атқаруда, яғни билiкке демократиялық жолмен жетудi қамтамасыз ету жағында.
Қазақстан жағдайында партиялық жүйе мен халық ассамблеясы бiрiн-бiрi толықтырып, Қазақстан қоғамына, оның демократиялық үрдiсiне мүмкiншiлiктер туғызып отыр. Бұл – бiз туралы шетел сарапшыларының айтып жүрген «қазақстандық жолдың» негiзгi арнасы демекпiн.
Президент өз сөзiнде мемлекеттiк тiлдi дамытуға барлық этностар атсалысады деген тұжырым жасаған. Бұл жаңа тұрпаттағы этнос мәдениетiнiң негiзi болмақ. Этнос