Сана болмысы. Ғарифолла Есім. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Ғарифолла Есім
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Философия
Год издания: 2011
isbn: 9965-29-699-5
Скачать книгу
бұл әлемдегi ең биiк – минарет. Бұл да әлемде бiрiншi болу деген – ынтадан туған асқақ идеяның көрiнiсi.

      Астана да биiктеп барады, бұл – әрi символ, әрi шындық, мысалы, биiктiгi 97 метр қаланың дәп жүрегi болып тұрған «Астана – Бәйтерек» монументi. Идеяның мифтiк, аңыздық сипатта болатыны сонау Грек заманынан белгiлi. Жаңа қала Санкт-Петербургтi салғанда архитекторлар мифтерiн және символдарын қаптатпап па едi. Жаңа қалаға көп символ керек. Соның бiрi – «Астана – Бәйтерек».

      Өркениет үрдiсiне түскен халықтың алғашқы iсi – қала, қалалар салу. Мәдениет деген сөздiң семантикасында қала деген ұғым жатыр. Қазақтың рухани мәдениетi қалаларға тiкелей қатысты болған. Көшпендiлер деген сырт көздiң қойған атауы. Қазақ даласы қалаларының көптiгiмен атағы шыққан. Темiр қорытуды бiлген түркiлер қала салмағанда кiм қала салмақ? Бұл да арнайы әңгiме өзегi болар тақырып. Менiң айтпағым, қазақ жерiнен шыққан хакiм әл-Фараби өз заманында iзгiлiктi қала деген ғылымға жаңалық енгiзген, себебi iзгiлiктi бiлiм жүйесiн қаладан алмақсың. Бiлiм, мәдениет орындары қалаларда орналасқан, өзiнiң бiлiм алған қалалары Бағдат, Шам сондай қалалар болатын. Қала дегеннiң өзi – идея. Ешбiр қала бостан-босқа салына салмайды. Идея жетегiнде тарихи тұлға сонысын iс жүзiне асыруы үшiн қала сала бастаған, мысалы, орыс халқының реформатор патшасы I Петр өз атымен аталған Санкт-Петерборды су жолына шығу үшiн, сол арқылы өз билiгiн жүргiзу мақсатында салған. Кезiнде Новгородты орыс мемлекетiнiң Киевтен кейiнгi астанасы болсын деген ниетте салып, орыстардың пассионарлық серпiлiсiне сай «Жаңа қала» деп аталды. Адамзат тарихында мұндай деректер көп. Демек, жаңа қалада тың мәдениет қалыптасуы заңды. Астана осы мағынада жаңаша ойлаудың үлгiсi болмақ деген пiкiр бiлдiремiн. Мәдени сабақтастық туралы ешкiмнiң де таласы болмас, бiрақ Астана жағдайында таза мәдени үрдiстiң қалыптасуы қажет-ақ. Өкiнiштiсi, етектен тартқан ескiлiк, тоғышарлық психология жаңа дәстүрмен бiрге қоныс теуiп жатқаны – заманымыздың келеңсiз көрiнiстерiнiң бiрi. Сонда жаңаша ойлау деген не, сiрә, ол осы «Қазақ елi» монументiнен басталса керек. Ол ғасырдан-ғасырларға өтiп, азап сапарынан кейiн ел болғандығымызды санамызға, психологиямызға сiңдiрiп, дәстүрге айналдырсақ деген Президенттiң iзгi ниетi.

      Қазақ ел болып Керей мен Жәнiбек сұлтандар құрған Қазақ ордасынан басталды. Орда – жоғарыда айттым, мемлекеттiң типi. Ойланайық, сонау «Алтын орда», алтын да, орда да – қазаққа сiңiмдi төл сөздерiмiз, ешбiр аударманың қажетi жоқ. Бұл ұғымдардың халқымыздың дiлiне әбден сiңiмдi болғанының көрiнiсiн бұқаралық санадан аңғару қиын емес. Тарихи жағдайларға байланысты «Алтын ордадан» келе-келе Ақ орда, Көк орда, бертiнiрек Қазақ ордасы, Ноғай ордасы деп аталатын мемлекеттер ту көтердi. Бұлардың әрқайсысының айтулы тарихтары, баяндары бар. Орда деген тұрмысымызға енiп, көпшiлiк көңiлiнде болған соң, өткен ғасыр басындағы зиялы топ елдiктi қайта қалпына келтiру мақсатында Алаш орда деген саяси идея көтердi, аз уақыт болсын Алаш орда мемлекетiн құрды. Одан бертiнде социалистiк жолға түскен азаматтарымыз Ақмешiттi Қызыл-Орда деп атап, ол елiмiздiң астанасы болды.