1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы. К. А. Саркенова. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: К. А. Саркенова
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: История
Год издания: 2011
isbn: 9965-29-641-3
Скачать книгу
шұғылданатын, тұрғыны 2 мыңнан кем емес мекендердің халқы кірген еді. 1926 жылғы санақ бұрынғы бекітілген басты принциптерді сақтады, сонымен бірге статистикалық органдардың басшыларына қала типіндегі кенттердің тізімін жасауға рұқсат берілді. Оған ресми бекітілгендерден басқа төмендегі мекендер де енгізілді: 1) қоныстануы бойынша (фабрика-зауыт, станца, саяжай, сауда-өнеркәсіп ауылдары); 2) халықтың айналысатын кәсібіне қарай (халқының көп бөлігі ауылшаруашылығына қатысы жоқ кәсіппен шұғылданатындар); 3) халық саны бойынша (фабрика, зауыт, станца, саяжай, сауда-өнеркәсіптік ауылдардың халқы 2 мыңнан кем түспеуі тиіс болды).

      Қала халқының санын есептеуде қаланың аумақтық сызығын белгілеу де маңызды рөл атқарды. 1920 және 1923 жылдардағы санақ нұсқауларында қала халқының құрамына қала және ресми қала аумағына кірмейтін, бірақ қаламен экономикалық тығыз байланыстағы қала маңының тұрғындары да кіруі тиіс болды. 1926 жылғы санақ барысында қала халқының құрамына қала сызығы, қаладан тыс жатқан, бірақ қаламен құрылысы жағынан тұтасып кеткен мекендердің де тұрғыны енді, сонымен бірге 1923 жылғы қала санағындағыдай қала маңының халқын қосуға экономикалық тығыз байланыстың қажеттілігі міндетті болған жоқ. Кейіннен болған 1939, 1959, 1970 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтары әкімшілік-құқықтық принциптер негізіне оралды. Бұл санақтар барысында қала халқының құрамына тек заңмен бекітілген қала, жұмысшы кенттері, қала типіндегі кенттердің халқы ғана кірді130.

      Қазақстанда бұл санақ бойынша, 26 қала, 18 қала типіндегі кенттер болды. 1923 және 1926 жылдардағы санақтар аралығында 20 мыңнан кем халқы бар кішігірім қалалар азайып, керісінше, 20 мыңнан 50 мың адамға көбейген орташа қалалардың саны артты131. Қазақстан қалаларының әрқайсысының өз даму тарихы, Темір, Түркістан, Атбасар сияқты қалалар өз бастауын ерте заманнан алатын ұлттық нақышы бар орталықтар болса, Көкшетау, Қарқаралы, т.б. сауда нәтижесінде тоғысқан жол торабына айналды. Семей, Петропавл, Ақмешіт қалалары патша үкіметіне қажетті саясатты іске асырудағы әкімшілік-отарлау орталықтары болды. Олардың ішінде Ақтөбе ғана біршама даму сатысынан өтіп, ал Гурьев, Зайсан, т.б. тоқырауда қалған-ды.

      Қазақстанның қала халқының орналасуы округтерде әртүрлі болды. Халықтың 60 %-дан астамы республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығыс және солтүстігіндегі 4 округке (Сырдария, Алматы, Семей, Петропавл) шоғырланса, ал елдің қала халқының 2,1 %-ы Қарақалпақстанда; 1,2 %-ы Қарқаралы округінде; 0,6 %-ы ғана Адай уезінде орналасты. Қазақ АКСР-інің қала халқы еуропалықтардан: орыс, украин, неміс, белорустардан және татарлар қала халқының 71,8 %-ын құрады. Қазақтардың қала халқындағы үлесі – 13,9 % ғана болды. Қазақтар Адай және Қарқаралы округтерінде ғана шоғырлана орналасты. Фортта қазақтар қала халқының 70,2 %-ын, Қарқаралыда – 73,4 %-ын құрады. Орал (87,7 %), Қостанай (73,7 %), Гурьев (74,3 %) қалаларының халқы бірыңғай орыстардан тұрды. Петропавл (69,6 %), Павлодар (61,8 %) қалаларының да жартысына жуығы орыстар еді. Қарақалпақстанның қала халқы аралас болды: 30,7 % – қарақалпақтар; 22 % – орыстар және 22 % – қазақтар;


<p>130</p>

Массовые источники по социально-экономической истории советского общества. – С.35 – 36.

<p>131</p>

Никифоров И.Д. Рост численности городского населения Казахстана. – С. 46.