Ал ауруға келер болсақ, қазір одан қандай да бір қауіп төніп тұрғаны шамалы. Тарын хан оның да алдын алуда, ол дер кезінде дәрігерлер мен сарбаздарды жіберіп, барлық сәбилерді аман алып қалып жатыр, барлығы қалыпты өтуде… – деп Батыра Ерұланға көңілі толмаған адам сияқты сөйлеп отыр еді, аяқасты оны Ерұлан бөліп жіберді:
– Барлығы қалыпты өтуде дейсің бе? Жоқ барлығы қалыпты емес, сен тек көз алдыңда болып жатқан дүниелерді көріп тұрсың, менің ойымша ханның адамдардың арасына дәрігерлерді жіберіп, елде туылып жатқан балаларды бақылауда ұстап отыр және мұның себебі ол ерекше бір сәбиді іздеп отырғандай көрінеді.
– Не… Не сандырақтап кеттің? Сенің ойыңша ол ауруды өзі таратты деп ойласың ба?
– Иә!
– Мұның енді шектен шығушылық! – деп ол үрейлене сөйледі. – Бұл сөзіңді менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын, сен жақында әке атанасың одан да уақытыңды Сұлуға арна… – деп ол тоқтап қалды да, Ерұланға мұқият көз тастады. – Досым, сен осы ойыңды тастасаң қайтеді, ә? Бұл қауіпті, қазбалап қайтесің, мен саған қаншама уақыттан бері айтып келе жатырмын, бізге мұны білуге тиым салынған, – деп Батыра орнынан тұрды.
– Неліктен мені тоқтатқың келеді? Мен жай ғана олардың ұзақ өмірінің сырын білгім келеді, – деді оған Ерұлан.
Батыра ақырын жүріп, ашық тұрған терезелердің біріне барды, ол сыртқа көз тастап, таза ауамен терең тыныс алды. Аспан ашық, жұлдыздар аспанға шашылған алмастай жарық. Сарайдың жанында өскен алып теректер ақырын соққан желден жайқалып, баяу ғана ары-бері теңселіп тұр.
– …Жаңа ғана айтқанымдай, бұл өліммен тең қылмыс, сен менің бауырымдай болып кеткенсің, сондықтан сені барынша ақымақтықтан сақтағым келеді, қала Сұлтаны сен жайлы оң көзқараста, ал оның бірінші қолбасшысы Дат… – деп ол кішкене кідірді, – өзің де білесің, Дат саған тісін қайрап жүр, қит етсе болды, ол саған қолындағы бар билігін салып, заң рұқсат еткен ең қатаң жазаны қолдануға дайын. Сенің билеушілер туралы теріс ойда екеніңді білсе, ол мұны барынша пайдаланады, тіпті мен сені оның қолынан аман алып қала алмаймын, оның үстіне сарбаздардың жартысынан көбі оған бағынады, – деді ол.
– Бірақ сен одан кейінгі әскербасысың, сондықтан мен еш қорықпаймын, – деп ол күлімсіреді. – Білесің бе, досым? Біз бір үлкен әлемде өмір сүреміз, онда зерттелмеген көптеген дүниелер бар, сол әлемнің бір кішкентай түкпірінде тығылып, өмірімді той-думанмен; көңіл көтерумен өткізу мен үшін ақымақтық, маған нағыз ләззат сыйлайтын – ол осы әлемнің құпияларын ашу және менің айналамда болып жатқан дүниелер мені бейжай қалдырмайды, оның үстіне олардың ұзақ ғұмыры маған өте қызық, олардың не жасырып жүргендерін білгім келеді, – деді Ерұлан Батыраға қарап.
– Осы әлемнің құпиялары! Сен өзі не ойлайсың, таңым бар. – Иә, білемін саған зерттеген ұнайды, бірақ өтінемін, басқа дүниені зерттеші, оларды жайына