Үйіне келіп, мауқын басып біраз жүрген соң қыз:
Аю, аю, аю еді,
Аю да болса, байым еді.
Үңгір, үңгір, үңгір еді.
Үңгір де болса, үйім еді, – мен қайтайын, – деп, әкесінен қоярда-қоймай рұқсат сұрап, келген жеріне қайтып кетіпті.
АЯҒЫҢНАН СҮРІНСЕҢ ДЕ,
АУЗЫҢНАН СҮРІНБЕ
Бұл жерде іс-әрекетіңмен қапы қалсаң да, сөзіңнен есе жіберме деген ойды айтып тұр.
Өткен ғасырда аға сұлтан болған Сандыбайдың Ердені найман Бәтеш деген жігітті өзінің үйінде қымызмұрындыққа жиналған жұртқа мақтап: «Осы жігіт елдің жағдайын ойлайды, халқының қажетіне жарайды», – деп отырса керек.
Сол кезде Бәтеш атынан түсіп келе жатыр екен. Сонда Ерденнің мақтаған жігітін сынап көрейік деген кісілер табалдырықтан бір сүйем жоғары жіп керіп қойыпты. Қаперінде ештеңе жоқ Бәтеш:
– Ассалаумағалейкум! – деп кіре бергенде, жіпке сүрініп, ортаға топ ете түсіпті.
Ерден ештеңе дей алмай булығып отырып қалыпты. Бәтеш жайымен орнынан тұрып, үстін қағып болған соң:
– Батырдың батыр екенін қайдан білесің,
Найза алып жауға шаппаса?
Бидің би екенін қайдан білесің,
Саралап билік айтпаса?
Байдың бай екенін қайдан білесің,
Оқалап үйін жаппаса?
Бәйбішенің бәйбіше екенін қайдан білесің,
Жиынға саба артпаса?
Жігіттің жігіт екенін қайдан білесің,
Қыздардың көңілін таппаса?
Қыздардың қыз екенін қайдан білесің,
Шытыра моншақ тақпаса?
Мынау Ерденнің ақ ордасы екенін қайдан білесің,
Біреу сүрініп, біреу жығылып жатпаса, – деген екен. Ерден Бәтештің сөзіне риза болып, ат-шапан сыйлап қайтарыпты.
АЯЗ БИ, ӘЛІҢДІ БІЛ, ҚҰМЫРСҚА, ЖОЛЫҢДЫ БІЛ…
Майқы би, Аяз би мен Құмырсқаға көбінесе арқа сүйеп, оларға сенеді екен. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақылдасып, ой-пікір алысып отырады. Кейде дәл жауап айта алмай, шалыс басқан заматта оларға ескерту жасап түзеп, бағыт береді екен. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:
Билер бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс.
Ақылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ.
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би басарсың шоқ.
Аяз би, әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл…
«Аяз би» ертегі аңызында «Аяз би әділ болды. Тура билік ететін еді. Нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының маңдайшасына