Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап. Қанат Жойқынбектегі. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Қанат Жойқынбектегі
Издательство: Издательские решения
Серия:
Жанр произведения: Историческая литература
Год издания: 0
isbn: 9785005549501
Скачать книгу
жүремін. Жолға дайындал. Ояз өткізсе би боласың.

      Әйімкүлге бармағанына біраз уақыт болып еді. Қатты сағынып жүрген. Бара жатқанын пайдаланып осы жолы Әлсенді оязбен бір кезіктіріп қайтуды ойлады. Соған орай айтқан әлгі сөзді. Әлсен Шоңның мына сөзін шығарып салма сөз бе деп ойлап қалды. Шыдай алмады:

      – Ол оязың да сенің айтқаныңнан асып кетпейді. Қай заманда қазақтың биін орыс сайлап еді. Сен турасын айтсайшы… – Әлі сеніңкіремей тұр еді. Шоң оның осы күйін түсінді де:

      – Әлсен әр уақыттың өз заңы бар. Сен әуелі билердің талқылауына түспей тұрып, ояз алдынан өтіп алғаның дұрыс шығар.

      Әлсен Шоңның мына сөзінде бір дұрыстық бар екенін, билер алдына бірден барса, оңдырмайтынын білді. Сол сөздің дәлеліндей Шоң айтқан:

      – Ана кәрі қырт билер би саны көбейгенін ұнатпайды. Өйткені, онда олардың дәрежесі түседі. Қалтасына түсетін байлық азаяды. Үшіншіден, көпшілігі сенің мінезіңді ұнатпайды. Түсініп отырсың ба?

      Әуелі Әлсен ләм демеді, артынан: «жарайды, сенің айтқаның болсын» деді.

      – Ендеше, ертең дайын отыр, жолай сені Ақмолаға ала кетемін. – Шоңның өз көңілі мақұлданғанын осылай екі рет қайталап алатын әдеті бар еді. Әлсен оны білетін. Мына сөзді шын көңілден айтып отырғанын түсінді де, сол күні Әлсен үйіне қайтып кеткен. Шоң Әлсеннің әлгі сөзінен кейін ойланып қалған. Жалғыз Әлсенді би етуге ояз алдына апарады екенмін, барған соң үш-төрт адамды апарған дұрыс деген ұйғарымға келді ол.

      Кешкісін Телқозы дастарханының басына Жанкелдінің тірі жүрген балалары Әнет, Қарақозыны шақыртты. Байқозы Түркістан жақта жүрген. Әлсенмен болған әңгімеден кейін Шоң көңіліне бір ой келген еді. Ертеңгі күні өзі ойлаған адамдарды би етіп сайласа, мына екі үлкен әкелері дау шығаруы мүмкін. Жанкелдінің бес баласынан тараған ұрпақтар толып жатыр, Әлсенді би болуға ояз алдына апарғанын естісе, біздің балалардың бірін неге би сайламайсың деп айтары анық. Шоң отырып дастархан басында сөз қозғады:

      – Мен ертең Ақмолаға жүремін. Би болуға лайықты екі-үш адамды оязға апарып көрсетіп қайтпақшы едім. Жанкелді тұқымдарынан бір адамды би етіп сайлайық. Екеу етуге әзірге ертерек болады. Ертеңгі күні ел сөз етеді, ана жаңа болыс өз туыстарын би етіп жатыр дейді. Соған Жанкелді бабаның ұрпағынан кімді лайықты дейсіңдер?

      Қарақозы мен Әнет отырып ана баласын, мына баласын айтып мақтай жөнелді. Әрқайсысы өзіне тартып отыр еді. Бұл адам жаратылысын қойыңыз, енді мынау бір қаннан жаратылып, бір жатырдан шыққан екеуі бөлініп әркім өзіне қарай тартып отыр. Есіне баяғыда Жанкелді бабасының айтқан сөзі түсті: «мал байлық, туысқандыққа қарамайды» дейтін. Атақ-дәрежені бөлуге келгенде сондай екенін ағайын екеуінің мына сөздері көрсетіп отырғандай еді. Бір мезгілде дастархан басында отырған Телқозы да әкелерімен жарыса сөйлеп кетті. Оны өзі де аңғармай қалғандай.

      – Анау Жұман, Оң, Малайдың біреуіне билікті бермейсің бе? Бұл кісілер өз балаларын айтып отыр ғой. Сен, Шоң, мен айтқан үшеуінің бірін ояз алдына апар. – Шоң әкелерінің мына қылығына ренжіп қалды.

      – Әрқайсыңыз өзіңізге қарай тартып