Аударма мектебі. ХХ ғасыр басында қазақ ақын-жазушылары томаға-тұйық күйде қалмай, жазба әдебиеті биікке көтерілген алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне көз салып, әдеби байланысқа түсе бастады. Әсіресе, орыс әдебиетінен үйрену кең етек жайғанын жоққа шығара алмаймыз. Оның ең бір жанды көрінісі аударма шығармалардың көптеп пайда бола бастауы болатын. Ендеше, белгілі бір кезең әдебиетін қарастырғанда, көркем аударманың өрісіне көз жібермей өту мүмкін емес. Өйткені, аударма – жазба әдебиеттің өскелеңдігінің белгісі. Ол әдебиеттің биік деңгейде дамуына әсер етіп, оған өзінің игі ықпалын тигізіп отырады. Аударма төл әдебиетпен қатар өседі, әрқашан да бірінің жетістігі мен кемшілігіне екіншісі ортақ, екеуінің тағдыры үнемі тығыз байланыста болып келеді.
ХХ ғасыр басында Ыбырай, Абай, Шәңгерей тәрізді алдыңғы толқынның осы бір тәржімашылық қырын дамытып, төл әдебиетіміздің туын жоғары ұстаған аудармашылар дүние жүзілік әдебиеттің мәңгі тот шалмас асыл қазыналарын, тамаша туындыларын туған халқына жеткізуге ұмтылды. Олар әлемдік әдебиет пен мәдениеттің озық үлгілерін қазақ сахарасына асқан шеберлікпен таратты. А.Пушкин “Әдебиеттің ең бір ауыры, ең бір жақсы атақ әпермейтін түрі” деп бағалаған аударма саласында Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов сынды шеберлер еселі еңбек етті. Бұл ретте осы сөз зергерлері тәржімалап шығарған “Қырық мысал” (1909), “Үлгілі тәржіме” (1910), “Үлгі бала” (1912), “Жиған-терген” (1914), “Дубровский әңгімесі”, “Боран”, сияқты кітаптар мен шығармалар әдебиетіміздің асыл қорына қосылған асыл інжу-маржандар екенін айтуға тиістіміз.
Шәкәрім, Ахмет, Бекет, Спандияр тәрізді озық ойлы әдебиетшілерді толғандырған заманының залалды мәселелері әлемдік әдебиет қайраткерлерінің де мұң-арманымен астасып жатты. Сондықтан да олар әлемдік әде-биеттегі озық үлгілі шығармаларға назар салып, өз көкейіндегі көп сұраққа жауапты сол шығармалардан тапты. Сол биік көркемдікпен, терең оймен, асқан шеберлікпен жазылған шығармалардағы азатшыл ойды, күрескерлік қабілетті, рухани жан тазалығын өз оқырманына жеткізу үшін қолына қалам алды. Сөйтіп әлемдік әдебиет пен қазақ әдебиетінің арасына алтын көпір салды.
ХХ ғасырдың басында “Оян, қазақ!” деп жар сала келген жазба әдебиетімізге өз мақсатын жүзеге асыру үшін жаңа түрлер, жанрлар қажет еді. Оларды бірден игеріп кету, әрине, қиын болатын. Сондықтан бұрыннан дәстүрі қалыптасқан биік межедегі өзге әдебиетке еліктеу қажеттілігі өзінен-өзі