Сайлаубай Тойлыбаевтың жүргізуінде өтетін «Қазақ руханияты» әдеби хабарының мақсаты – белгілі ақын-жазушылармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен сұхбаттаса отырып, қазақ әдебиеті пен мәдениетіне қатысты мәселелерді қозғау, сол арқылы қоғамдық санаға ой салу, зиялы қауым өкілдерінің рухани құндылықтарымызды сақтап байыту төңірегіндегі ой-пікірлерін саралау.
«Шаңырақ шуағы» хабарының мақсаты – ата-баба дәстүрлерін сақтау кейінгі ұрпақ парызы екендігін насихаттау. Елдің елдігін көрсетіп, берекесін ұйытатын басты ұлттық құндылықтарымыздың бірі – бұл ағайынның, жегжатжұраттың татулығы, әулеттің сүттей ұйыған тірлігі, кішінің үлкенге, келіннің енеге деген ізеті, ата-ененің келінге, күйеу балаға деген пейілдері, әке-шешенің – балаға, баланың – әке-шешеге деген махаббаты, құда-құдағилардың мың жылдық сыйластығы. Хабар жастарға өнеге ретінде осындай ұлттық асыл қасиеттерімізді ел арасында насихаттауға, ұлықтауға арналған. Жүргізуші – Гүлназ Молдабергенова.
Қай елдің білімі жақсы дамыса, ғылымы да жоғары өрлеп, сол елдің болашағы да жарқын болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр – ғылымның шыңына жеткен заман. «Осы тұрғыдан бүгінгі қазақ ғылымы мен білімінің жағдайы қандай, келешегі не болмақ?», «Білім беру жүйесі қалай дамуда, ғылымда ілгерілеу бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеу – ғылыми-танымдық «Білім көкжиегі» хабарының басты мақсаты. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты, еліміздің білім жүйесінде де үзіліссіз реформалар болуда. Өйткені мемлекеттің халықаралық білім кеңістігіне енуі үшін білім саласына айтарлықтай жаңашылдық пен әлемдік стандартқа сай ілгерілеушілік қажет. Ал келешектің кілті бүгінгі жас өркеннің білім деңгейімен өлшенетінін бүкіл қоғам мойындап отыр. Хабар бүгінгі таңдағы жаңалықтар мен көкейкесті мәселелерді білім саласындағы мамандар арқылы елге түсінікті де, ұғынықты түрде жеткізіп отыруды мақсат етеді. Хабарға елімізге белгілі ғалымдар мен білім беру ісінің қызметкерлері, мамандар қатыстырылады. Жүргізушісі – Нұржамал Хасанқызы.
Мәдени-танымдық хабар – «Балапан» хабары. Бүлдіршіндердің таным деңгейін арттырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында жүретін хабардың жүргізушісі – Шолпан Байғабылова. Хабардың мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында айтылғандай, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту және тәрбие беру ісін жетілдіру. Балабақшаларда өтіп жатқан іс-шаралар жайлы тыңдармандарды хабарландырып отыру.
Журналист Айсәуле Бейсенхан жүргізетін рухани, сұхбат жанрындағы хабар «Жусан иісі» деп аталады. Қазақ даласының табиғаты, ұлтымызға тән болмыс-бітімі, жер су-атаулары, ежелгі әдет-ғұрып, салттарымыздың бүгінгі күнге дейін жалғасуы туралы хабарда сөз болады. Хабардың кез келген тыңдарманның