Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап. Коллектив авторов. Читать онлайн. Newlib. NEWLIB.NET

Автор: Коллектив авторов
Издательство: КазНУ
Серия:
Жанр произведения: Зарубежная образовательная литература
Год издания: 2016
isbn: 978-601-04-1634-5
Скачать книгу
Бату хан тұсында ағасы Орда Еженнің ұлысы ретінде шығыс бөлігі Алтай таулары мен Ертіс өзені, Балқаш көлінен Сырдария алабы мен Арал теңізінің солтүстігіне дейінгі ұлан-байтақ өңір және оған іргелес жерлерді қамтыған аумақта құрылды. Ал бұл өлкенің негізгі халқын қыпшақ, қаңлы, үйсін, жалайыр, алшын, қарлық, найман, керей, арғын, қоңырат және т.б. ру-тайпалар құрады. Бұл тайпаларды біз Қадырғали Жалайыри көрсеткен «Алаш мыңының» негізін қалаған негізгі ру-тайпалар деп атай аламыз.

      Тарих ғылымында «Көшпелі өзбектер» мемлекеті немесе Әбілқайыр хандығы деп аталған бұл мемлекеттің тарихына қатысты даулы мәселелер көп. Зерттеушілердің кейбір тобы оны жеке дербес мемлекеттік құрылым ретінде қарастырса (Б.А. Ахмедов), екіншілері оның жаңа қалыптасып келе жатқан, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік құрылым (В. Трепавлов), үшіншілері Әбілқайыр хандығын «көшпелі өзбектер» мемлекеті деп танудан бас тартады (З. Қинаятұлы). Аталған мәселе біздің негізгі зерттеу нысанымыз болмағандықтан оларға тоқталмаймыз. Дегенмен Әбілқайыр хан Ақ Орданың бұрынғы астанасы Сығанақта 20 жыл отырып, Сібірдің оңтүстік шебінен Сырдария жағалауы, Қаратау бөктеріне дейінгі аумақта 40 жыл билік құрғаны тарихтан белгілі.

      Ақ Орда мемлекетінің көрнекті мемлекет басшылары – Орыс хан мен Барақ ұрпақтарының билігі оның оңтүстік аудандарында XV ғасырдың 20-жылдарынан кейін де сақталып қалды. Ал оның басқа аумағында бірнеше феодалдық ұлыстардың билеушілері жеке дара билікке ұмтылды. Солардың ішіндегі ең ірілерінің бірі Әбілқайыр хандығы болды.

      XV ғасырдың 20-жылдарында бұрынырақта Алтын Орда иелігіне кіріп, бірақ оның әлсіреу кезеңінде одан біраз уақыт дербес мемлекет ретінде өмір сүрген Ақ Орда мемлекетінің далалық аумақтарында жаңа әулет саяси билікке келеді. Атап айтар болсақ, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтары билеген Ақ Орда мемлекетінде 1428 жылы ұзақ саяси күрестен кейін Жошының тағы бір баласы Шайбаннан тарайтын Әбілқайыр билікті иеленеді. Бұл оқиға туралы ортағасырлық авторлардың бірі Махмуд бен Уәли «Бахр ал-асрар» атты еңбегінде былай деп жазды: «Жәнібек хан (өмірінің) аяқталу мезгілінің ең шегі болған хижра бойынша 758 жылдың (1356-1357 ж.) басынан Шайбан ұрпақтары шығуының басы болған хижра бойынша 835 жылдың (1431-1432 ж.) ортасына дейін Дешті Қыпшақ мемлекетінің тағы ақылды падишах пен жігерлі билеушісіз қалды, сол себепті дін мен мемлекет істерінің құрылысында жүгенсіздік пайда болды, сол аумақтағы қоғамды (байланыстырушы) арқау үзілді, сөйтіп, бірлік жойылды». Міне, Алтын Орда мемлекетінің әлсіреуі мен ыдырауына байланысты орын алған осындай тұрақсыз заманда Жайықта және оның батысына қарайғы аумақты иеленген Ноғай Ордасы дербестеліп, күшейе түсті. Ал Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойында, Тобыл мен Еділдің жоғарғы ағысында Шайбани ұрпақтары, Сарысу, Жем аралығы мен Арал өңірінде Жұмадық хан, Тобыл мен Есілдің оң жақ саласы Атбасар аралығында Махмуд Қожа хан және т.б. күшейеді.

      Ақ Орданың әлсіреу кезеңі мен Дешті Қыпшақ даласының әр өңірінде дербес билікке ұмтылған билеушілер заманында Шайбани ұрпағы