Ал тарихшылардың келесі бөлігі 1426 жылы жазылған, авторы белгісіз «Муизз әл-ансаб» атты шығармадағы мәліметке сүйеніп, Көк Орда Жошы ұлысының сол қанатында болған деп санайды. Шығармадағы Орда Ежен туралы «Оның ұлдары мен ұрпақтарын Көк Орда деп атайды» деген мәлімет осы пікірге негіз ретінде алынып жүр.
Әбілғазының «Түрік шежіресінде» (XVII ғ.) Ақ Ордаға қатысты мәлімет кездеседі. Онда Ақ Орда ұлыс делініп, ұлысты Шибанның ұлы Бахадүр ханның басқарғаны айтылады. Осы ғасырдың келесі бір тарихшысы Махмуд бен Уәли болса: «Шибан ханның ұлы Бахадүрге келер болсақ, ол әкесінің орнына ел мен ұлысқа басшылық ете бастады. Жақын туыстарына, тайпаларына және төрт қаушынға жиналуға әмір беріп, ол қыстауы мен жайлауына Жүз Орда ретінде белгілі Ақ Орданы таңдап алды», – деп жазады.
«Ақ Орда» және «Көк Орда» атауына қатысты мәлімет Өтеміс қажының «Шыңғыснама» еңбегінде де кездеседі. Зерттеушілердің пікірінше мұндағы мәліметтердің көбі біржақты, яғни шибанилік бағытта жазылған мәліметтер деген қорытынды жасайды.
XX ғасырдың 60-жылдарының басына дейін тарихнамада Ақ Орда атауы Жошы ұлысының сол қанатына қолданылып келеді. М.Г. Сафаргалиев алғаш рет мұндай қолданысқа қарсы шығып, сол қанатқа қатысты Көк Орда, оң қанатқа қатысты Ақ Орда атауының қолданылуы дұрыс деп есептейді. 60-жылдардың соңына таман бұл пікірді Г.А. Федоров-Давыдов одан әрі дамытады. Ол Натанзидің Ақ Орда әулетінің негізін қалаған Ноғай және оның ұрпақтары деген мәліметінің қатесін көрсете келе, «екінші бөлініс» жөнінде тұжырым айтады. Ол бойынша бірінші бөлініс, ол Жошы ұлысының Орда Ежен және Бату ұлыстары болып бөлінуі де, екінші бөлініске Бату ұлысының Тоқта мен Ноғай арасында бөлінуі болған деп санайды және сонда ғана Натанзидің мәліметі шындыққа айналады. Натанзи мәліметінің қателігін В.Л. Егоров, В.П. Юдин, Т.И. Сұлтанов және басқалар баса көрсетіп, Орда Ежен ұлысын Көк Орда, Бату ұлысын Ақ Орда деп жаза бастайды.
Зерттеушілердің талқылауы барысында Шибан ұлысына қатысты мәселелер көтеріліп, оның қай қанатқа жататыны анықталды. Әсіресе Ақ Ордаға синоним болған Жүз Орда туралы материалдар ерекше қызығушылық туғызады. Жүз Орданың қазақ жүздерімен байланысы бар екені ескеріліп, Ақ Орда атауы Қазақстан аумағына қайтарыла бастайды. Т.И. Сұлтанов Ақ Орда атауы алғашында Шибан ұлысына қатысты айтылып, кейіннен бұл атау бүкіл Қазақстанға ауысқан деген қорытындыға келеді. К.И. Петров пен К.А. Пищулина да Шибан ұлысы мен Орда Ежен ұлысының Ақ Орданың құрамына